Жыл сайын 28 сәуірде Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні атап өтіледі. «Қостанай минералдары» АҚ-да ауқымды өндірістік аумақтағы қауіпсіздікке Ильдар Семиндеров басқаратын тұтас департамент жауап береді. Оның жетекшілігімен әрқайсысы өзіне жүктелген маңызды міндетті атқаратын үлкен ұжым еңбек етеді. Осындай кең көлемді бөлімшенің жұмысын бір материалда толық қамту мүмкін емес. Кәсіби мереке қарсаңында біз департаменттің жұмысы әрдайым көз алдында жүретін өкілдерімен тілдестік.
Бақылау
Мұнда иық тіресе әртүрлі кәсіби тәжірибесі мен білімі бар мамандар еңбек етеді. Бұл өндірісті әр қырынан көруге мүмкіндік береді. Мәселен, қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің басшысы Марина Щербакова құқық қорғау саласында білім алған болса, өндірістік бақылау қызметінің басшысы Фархат Алпысов — дипломды дипломды электр энергетигі ретінде қызмет етеді..
Инженер мамандығына келу жолы да әртүрлі. Қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің инженері Андрей Заматаев «Тау-кен ісі» мамандығы бойынша жоғары білімге ие. Ол кезінде жай ғана көмекке келіп, осы салада қалып қойған. Ал оның әріптесі, тау-кен электрмеханикалық жабдықтарын техникалық қызмет көрсету маманы Бауыржан Бектепбергенов әлі де өз жолын іздеу үстінде.
Олармен бірге өндірістік бақылау қызметінің инженерлері — экономист Денис Калашник, тау-кен электрмеханигі Рамиль Ахметов және жуырда келген тағылымгер Данияр Есенгельдин жұмыс істейді. Әртүрлі тәжірибе өндірістік үдерістерді және механизмдердің жұмыс ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Қысымнан бастап наряд-рұқсаттарға дейін
Инженердің күнделікті жұмысы — жүздеген бірсарынды, бірақ аса маңызды міндеттерден тұрады. Мамандар өндірістік алаңдардың өзінде бақылау жүргізеді: қызметкердің нұсқаулықтарды білуін, тапсырмаларды қауіпсіз орындауын, арнайы киімді дұрыс пайдалануын тексереді. Сонымен қатар журналдарды тұрақты түрде тексеру, тапсырма нарядтары мен наряд-рұқсаттарды беру жұмыстары қатар атқарылады.
Жұмыстың үлкен бөлігі медицинамен байланысты. Медициналық қызметпен бірлесіп, инженерлер жұмысшылардың ауысым алдындағы, ауысымнан кейінгі және мерзімдік медициналық тексерулерден өтуін қадағалайды. Әсіресе, артериялық қысымы жоғары «тәуекел тобына» жататын қызметкерлер ерекше бақылауда болады. Егер қызметкер медициналық тексеруден өтпесе, өндірістік бақылау қызметінің инженерлері оның себептерін жеке анықтайды.
«Әрбір ереже – өмірлік тәжірибенің жемісі»
Өндірісте қауіпсіздік инженерлерін жиі жақтыра бермейді. Ал олардың өзі мұны мамандықтың ажырамас бөлігі ретінде қабылдайды.
«Біздің жұмысымыз — қауіпсіздік талаптарының бұзылуына жол бермеу. Біз кемшіліктерді анықтап, олардың алдын алатынымыз бәріне бірдей ұнай бермейді», — дейді Бауыржан Жұмақанұлы. Адамдарға өз қателіктерін ескерткенді ұнатпайтыны түсінікті.
Алайда, тексерушілердің қатаңдығы — олардың жеке талабы емес. Барлық нормативтерді Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі белгілейді. Марина Павловна атап өткендей, қауіпсіздік ережелері қанмен жазылған. Егер регламентте қатаң талап болса, демек, ол бір кезде бұзылып, соның салдарынан адам зардап шеккен. Сондықтан талаптар тәуекелдерді азайтып, болашақта қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін үнемі жетілдіріліп отырады.
Өндірістік қауіпсіздікте ұсақ-түйек болмайды. Фархат Жұмағалиұлының айтуынша: «Кішкентай ғана назарсыздық үлкен апатқа әкелуі мүмкін. Егер жабдықтағы ақауды дер кезінде байқамаса, ертең ол адамдар зардап шегетін апатқа ұласуы ықтимал. Сондықтан әр адам өз орнында қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс».
Сондықтан қызметтің басты мақсаты — ақауларды дер кезінде анықтап, алдын алу шараларын жүргізу. Осындай жүйелі жұмыс өз нәтижесін беруде: кәсіпорын еңбекті қорғау саласында республикалық байқауларда алдыңғы орындарды иеленіп келеді. Ал инженерлер заңнамадағы өзгерістерден хабардар болу үшін тұрақты түрде біліктілігін арттырып, салалық семинарларға қатысады.
Психологиялық жүктемеге қарамастан, инженерлер өз еңбегінен үлкен мән табады. Олардың негізгі мақсаты — жұмысшыларды және өндірістік жабдықтарды апаттар мен оқыс жағдайлардан қорғау.
Бұл мақсат орындалғанда, механизмдер ақаусыз жұмыс істеп, адамдар барлық талаптарды сақтап, үйлеріне аман-есен оралғанда, қатаң бақылаушылар шынайы мақтаныш сезімін бастан кешіреді.
Олардан мұндай сәттердегі сезімдері туралы сұрағанда, инженерлер күлімсіреп жауап береді:
— Қанағат сезімі.
— Эйфория.
— Ләззат аламыз.