Жақындайтын уақыт келді

~3 мин чтенияПросмотров: 23
Рубрики: В регионе Люди

«Қостанай минералдары» АҚ ұжымы өндірістегі жоғары нәтижелерімен ғана емес, қызметкерлердің өзара ынтымақтастығын нығайтып, кәсіби және тұлғалық дамуына жағдай жасаумен де ерекшеленеді. Соның жарқын дәлелі ретінде 20 шілде күні кәсіпорынның Жастар кеңесінің алғашқы тимбилдингі ұйымдастырылды.

Бүгінде «Қостанай минералдары» АҚ Жастар кеңесінің құрамында кәсіпорын өміріне белсенді араласып, тың бастамалар көтеруге дайын жас мамандар еңбек етеді. Олар корпоративтік, спорттық, қайырымдылық және қоғамдық іс-шараларға тұрақты түрде қатысып келеді. Ал мұндай кездесудің басты мақсаты – жастардың бір-бірін жақынырақ танып, өзара сенімді нығайтып, бір команда ретінде әрекет ету дағдыларын қалыптастыру. Осы мақсатта Жастар кеңесінің мүшелері «Шаңырақ» демалыс базасында өткен көшпелі командалық бағдарламаға қатысты.

Кездесу басында ұйымдастырушылар қатысушыларды күннің бағдарламасымен таныстырып, негізгі мақсат жекелеген кезеңдерде жеңіске жету емес, біртұтас команда ретінде жұмыс істей білуді үйрену екенін атап өтті. Одан кейін жастар «Бірлік» этномәдени орталығы әзірлеген авторлық JOL бағдарламасы бойынша тапсырмаларды орындауға кірісті.

Орталық жетекшісі Юлия Цайдың жетекшілігімен қатысушылар командалық өзара әрекеттестікті, көшбасшылық қабілетті, қарым-қатынас мәдениетін және өзара сенімді дамытуға бағытталған түрлі тапсырмаларды орындады. Жас мамандар логика, үйлесімді әрекет ету және бірлесіп жұмыс істеу қабілеттерін сынайтын кезеңдерден өтті. Кейбір тапсырмаларда жетістікке жету үшін тез келісімге келу қажет болса, енді бірінде міндеттерді дұрыс бөліп, әріптесінің шешіміне сенім арту маңызды болды. Әр кезең қатысушылардың ұйымшылдығын шыңдап, ортақ мақсатқа жетуде бір-бірін тыңдай білудің маңызын көрсетті.

Барлық ойындар барысында алаңда достық әрі еркін атмосфера қалыптасты. Күлкі, әзіл мен қолдау сөздері үзілмей, қатысушылар әр тапсырманы ерекше қызығушылықпен орындады. Тіпті сол күні алғаш танысқан жастардың өзі аз уақыттың ішінде бір команданың мүшесіндей сезіне білді.

— Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бағдарлама мазмұнды әрі қызықты болды. Әсіресе, бейресми жағдайда әріптестермен еркін араласып, жұмыс күндерінен бір сәтке сергіп қайтқанымыз ұнады. Осындай тамаша тимбилдинг үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, – деді «Қостанай минералдары» АҚ Энергетика басқармасының электр техникалық зертханасының бастығы Чингис Куржембаев.

Тимбилдинг соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Жас қызметкерлер кәсіпорын басшылығына жастар бастамаларын қолдап, осындай форматтағы алғашқы шараны ұйымдастыруға мүмкіндік жасағаны үшін ризашылықтарын білдірді.

— Біз көптеген жағымды әсер алдық. Қызықты тапсырмалар бір-бірімізге бұрынғыдан да жақындай түсуге мүмкіндік берді. Бұл күнді бірге өткізгенімізге қуаныштымыз. Енді біз тек бірге жұмыс істеп қана қоймай, бірге демала да алатынымызды түсіндік. Осындай мүмкіндік үшін алғысымыз шексіз! – деп әсерімен бөлісті «Қостанай минералдары» АҚ қосалқы станцияларға қызмет көрсету жөніндегі электр монтері Анна Образцова.

«Бірлік» этномәдени орталығының жетекшісі Юлия Цайдың айтуынша, мұндай кездесулер болашақтағы бірлескен жұмыстың берік негізін қалыптастырады.

— «Қостанай минералдары» АҚ Жастар кеңесіне сенім білдіріп, жаңа форматтарға ашық болғандары үшін алғыс айтамын. Алда бізді жаңа кездесулер, жаңа бағыттар және жаңа бірлескен жобалар күтіп тұр. Өйткені кез келген үлкен жол алғашқы қадамнан басталады, – деді ол.

Жастар кеңесінің алғашқы тимбилдингі қатысушылар үшін демалыс күнін мазмұнды әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік беріп қана қойған жоқ. Ол сондай-ақ кәсіпорынның белсенді, ұйымшыл әрі бастамашыл жас мамандарынан құралған мықты команданы қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың біріне айналды.

Поделиться записью

Оставьте комментарий