Қостанай облысының 90 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар аясында Жітіқара ауданы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанылдық Әлмұхамедова Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомстволық наградасымен марапатталды.
Министрліктің төсбелгісі – мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосқан мамандарға табысталатын жоғары марапаттардың бірі. Ол салада кемінде 10 жыл еңбек еткен, мәдениетті дамыту мен жетілдіруге өзіндік үлес қосқан азаматтарға беріледі.
Жанылдық Әлмұхамедованың мәдениет саласындағы еңбек өтілі 44 жылды құрайды. Осы уақыт ішінде ол бір ұжымда табанды еңбек етіп, саланың дамуына өз үлесін қосып келеді. 2012 жылдан бері Жітіқара ауданы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарып келеді.
Әріптестері Жанылдық Алтайқызын өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, бастамашыл әрі талапшыл басшы ретінде бағалайды. Ұжым жұмысында демократиялық басқару қағидаттарын ұстана отырып, алдына қойылған міндеттердің сапалы орындалуына ерекше мән береді.
Көп жылғы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, этносаралық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстары үшін бірқатар министрліктердің алғыс хаттарымен марапатталған. Сондай-ақ мәдени-ағартушылық қызметі арқылы қоғамдық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін ішкі істер органдарының грамоталарына ие болды.
Қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласатын Жанылдық Алтайқызы Жітіқара ауданы Аналар кеңесінің төрайымы ретінде жастар мен аға буын өкілдерін қолдау мәселелеріне атсалысып келеді. Мәдениет саласына 44 жылын арнаған білікті маманның облыстың мерейтойлы жылында ведомстволық наградамен марапатталуы – оның көп жылғы еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет.
Құттықтаймыз!