Қазақстан өнеркәсібінің қуаты – өз ісіне адал, кәсібін сүйіп атқаратын және жинақтаған тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізетін еңбек адамдарының еңбегінде. Қазақстанда жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде атап өтілетін Еңбек күні қарсаңында өндіріс саласына саналы ғұмырын арнап, кәсіби шеберлігі мен еңбекке деген адалдығын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан жандар туралы сөз етпекпіз.
Еңбек әулеттері – кез келген кәсіпорынның алтын қоры, өндіріс тарихының ажырамас бөлігі әрі тұрақтылықтың кепілі. «Қостанай минералдары» АҚ-да мұндай еңбек әулеттері аз емес. Себебі ұрпақтар сабақтастығы кәсіпорынның өзіндік өндірістік мәдениеті мен дәстүрін қалыптастырады.
Осындай әулеттердің бірі – Ершовтар, Сабадырь, Коваленко және Хамицевичтер отбасылары. Бұл әулет мүшелерінің кәсіпорындағы жалпы еңбек өтілі 108 жылды құрайды.
Әулеттің еңбек жолы Иван Андреевич пен Валентина Дементьевна Ершовтардан бастау алған. Иван Андреевич көмекшіден бастап, экскаватор машинисіне дейінгі еңбек жолынан өтті. Ал Валентина Дементьевна өндірістегі еңбегімен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, екі мәрте «Социалистік жарыстың жеңімпазы» құрмет белгісімен марапатталған.
Әулет дәстүрін олардың қызы Марина Ивановна Сабадырь жалғастырды. Ол кәсіпорынның түрлі өндірістік учаскелерінде еңбек етіп, реттеушіден бастап ДПСМ машинисіне дейінгі жолдан өтті. Еңбекпен қатар қоғамдық өмірге де белсене араласып, өз ісіне деген жауапкершілігімен танылды.
Бүгінде әулеттің негізін қалаушылардың немерелері – Елизавета Сабадырь мен Наталья Коваленко кәсіпорында жемісті еңбек етіп келеді. Елизавета байыту цехында ДПСМ машинисі болып, өз кәсібін тапқан. Ал Наталья машинис қызметінен бастап, еңбек жөніндегі экономист лауазымына дейін көтерілді. Ол еңбек жолымен қатар техникалық және экономикалық бағыттағы мамандықтарды да меңгерді.
Бұдан бөлек, кәсіпорында осы үлкен әулеттің басқа да мүшелері еңбек етеді. Олардың қатарында Натальяның жұбайы Павел, сондай-ақ үлкен қызы Виктория мен оның жұбайы Михаил бар.
Төрт ұрпақтан тұратын бұл еңбек әулетінің тарихы кәсіби шеберлік пен еңбекке деген адалдықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатынын көрсетеді. Өндіріске деген шынайы қызығушылық, өзара қолдау және жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге деген ұмтылыс – әулеттен әулетке жалғасатын құндылықтар. Осындай еңбек адамдарының табанды еңбегі кәсіпорынның дамуына ғана емес, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетінің нығаюына да үлес қосады.
Кәсіпорында 108 жыл