№39 мекемесінде цех ашу мәселесі талқыланды
2025-07-16, 10:08
«Қостанай минералдары» АҚ №39 мекеме аумағында өндіріс ашу мүмкіндігін қарастыруға дайын. 9 шілде күні қала құраушы кәсіпорынның өкілдері — персоналды басқару қызметінің бастығы Саят Шаймурунов пен қаржы директорының орынбасары Мухтар Баймухамбетов қылмыстық түзету мекемесінде өткен жұмыс кездесуіне қатысты. Бұл кездесуді №39 мекеме мен Жітіқара ауданының прокуратурасы бірлесіп ұйымдастырды. Шараға сондай-ақ «Комаровское тау-кен кәсіпорны» ЖШС-нің өкілдері де шақырылды.
Бұған дейін құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерді қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағында өндіріс орындарын ашу мүмкіндігін қарастыруға шақырған болатын. Бұл бастама Жітіқара қаласында іске асырыла бастады.
Кездесу барысында қонақ- тарға өндірістік учаскелерді орналастыруға қолайлы бос тұрған ғимараттар көрсетілді. №39 мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі Еркен Миржановтың айтуынша, егер мұнда өндіріс ашылса, сотталғандар өздерінің азаматтық-құқықтық міндеттерін өтеумен қатар, бостандыққа шыққан соң қажет болатын мамандықты меңгере алады.
«Қостанай минералдары» АҚ мен «Комаровское тау-кен кәсіпорны» ЖШС ұсынысқа қызығушылық танытып отыр. Қазіргі таңда ынтымақтастықтың мүмкін форматтары, соның ішінде дайын өнім шығару мәселелері талқылануда.