Жеңіске жетелер жол
2025-08-22, 04:53
Жітіқара қаласында спорттық инфрақұрылым тағы бір маңызды нысанмен толықты. «Қостанай минералдары» АҚ Естай Есжанов атындағы №9 жалпы білім беретін мектеп аумағында заман талабына сай тартан төсендісімен жабдықталған жүгіріс жолын салып берді. Бұл игі іс кәсіпорынның 60 жылдық мерейтойы аясында қолға алынған «60 игі іс» акциясының аясында жүзеге асты.
Жобаның жалпы құны — 23,6 миллион теңге. Қаражат толықтай «Қостанай минералдары» АҚ тарапынан бөлініп, нәтижесінде жалпы аумағы 1050 шаршы метрді құрайтын спорттық нысан бой көтерді. Үш жолақты жүгіріс жолы оқу процесіне де, түрлі жарыстарға да бейімделген. Бұған қоса, 100 метрлік арнайы аймақ, спринтерлік жаттығулар мен жылдамдыққа арналған жарыстарды өткізуге қолайлы.
Нысанның ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Қостанай минералдары» АҚ техникалық директоры Айбол Смағұлов бұл жоба балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың физикалық дамуына үлкен серпін беретінін атап өтті.
— Дәл осындай спорт алаңдарында болашақ чемпиондар тәрбиеленеді. Балалар үшін барлық жағдай жасалды. Сіздердің араларыңыздан футбол, баскетбол, сондай-ақ елімізде кеңінен дамыған бокс пен күрес бойынша әлем чемпиондары шығатынына сенімдімін. Оқу мен спортта сәттілік тілеймін! — деді Айбол Смағұлов.
Жаңа жүгіріс жолы тек мектеп оқушыларына ғана емес, сонымен қатар аудан тұрғындарына да қолжетімді. Бұл нысанды жергілікті халық бос уақытында, демалыс және кешкі сағаттарда пайдалана алады. Мұндай игі бастамалар өңіріміздегі салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға айрықша үлес қосатыны сөзсіз.