«КМ» – Қауіпсіз еңбек көшбасшысы
2025-11-18, 04:36
XIII «Сенім» байқауы өз мәресіне жетіп, «Қостанай минералдары» АҚ тағы да Қазақстандағы еңбек қорғау саласының шоқтығы биік көшбасшысы атанды.
Биыл компания Қостанай облысы көлемінде еңбек қауіпсіздігі бойынша үздік деп танылып, енді міне, республика деңгейінде де өз беделін бекемдей түсті.
«Сенім» байқауы – ТОО «МЦФЭР–Қазақстан», ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек инспекциясы комитеті, Республикалық еңбек қорғау ғылыми-зерттеу институты және ҚР Кәсіподақтар федерациясының ортақ бастамасы. Бұл – елдегі жұмыс берушілер арасында жыл сайын өткізілетін ең беделді конкурстардың бірі.
14 қараша күні өткен салтанатты марапаттау рәсімі Алматыда «Кадрлар және еңбек қауіпсіздігі: жаңа сын-қатерлер мен шешімдер – 2026» атты ірі конференция аясында ұйымдастырылды.
Осы жиында қала құраушы кәсіпорын тағы бір мәрте өзінің жоғары деңгейін дәлелдеп, «Ең үздік еңбек қорғау қызметі» номинациясында бірінші орынды қанжығасына байлады.
«КМ» АҚ бұл мәртебелі атаққа алғаш рет қол жеткізіп отырған жоқ. 2014 жылы кәсіпорын өз санатында үздік атанып, бірінші орынды иеленген болса, 2022 жылы да жоғары көрсеткішін сақтап, екінші орынды еншіледі.