Зират мәселесі - қоғам назарында
2025-11-25, 05:59
24 қараша күні Аудандық Мәдениет сарайында жаңа мұсылман зиратының жағдайы мен оны күтіп-ұстау мәселелеріне арналған жиын өтті. Кездесуге ақсақалдар, белсенді тұрғындар қатысып, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ұзаққа созылған қызу талқылау бұл мәселенің аймақта өзектілігін айқын көрсетті.
Жиын барысында ең алдымен зираттың орналасу орнының қолайсыздығы сөз болды. Тұрғындардың айтуынша, аумақ ойпаңда орналасқандықтан, жауын-шашын кезінде су жиналу қаупі жоғары. Сонымен қатар жерлеу жұмыстарының ретсіз жүргізілуі, қосымша жол салу, қақпаның орнын ауыстыру және аумақты секторларға бөліп белгілеу қажеттілігін туындаты.
Қарастырылған тағы бір мәселе – зиратқа жауапты тұлғаның немесе арнайы қызмет көрсетуші ұйымның жоқтығы. Осыған байланысты тұрғындар зират күтімін жеке кәсіпкерге беру жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл ретте кәсіпкер ақсақалдар кеңесі мен мешітпен келісілген жоспар негізінде қолжетімді бағамен жерлеу қызметтерін көрсетіп, аумақты күтіп-ұстауға жауапты болар еді деген пікір айтылды.
Кездесу барысында ескі зираттардың жай-күйі де назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда олар толып, шұғыл ретке келтіруді қажет етеді.
Талқылау мазмұнды әрі белсенді өтті. Алайда қатысушылар санының аз болуына байланысты жергілікті атқарушы билік пен мәслихат өкілдері нақты шешім қабылдау үшін осы мәселе бойынша тағы бір қоғамдық кездесу өткізуді ұсынды.