Жолақы артты, cұраныз азайды ма?
2026-01-05, 05:17
Соңғы екі жыл қатарынан қаңтар айы Жітіқара ауданында такси қызметі бағасының қымбаттауы туралы жаңалықпен басталып келеді. Ең сұранысқа ие бағыт — Жітіқара–Қостанай бағыты бойынша жолақы өткен жылы 5 000 теңгеге дейін көтерілсе, биыл бір жолаушы үшін 6 000 теңгені құрады.
Такси жүргізушілері бағаның өсуін жанар-жағармай бағасының қымбаттауымен, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету мен қосалқы бөлшектер шығындарының артуымен түсіндіреді. Сондай-ақ жаңа Салық кодексінің енгізілуі, оның ішінде қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі де бағаға әсер еткен.
Ал Жітіқара автовокзалында Жітіқара–Қостанай бағыты бойынша билет бағасы өзгеріссіз қалды. Ересектерге арналған билет құны — 2 580 теңге, балалар билеті — 1 540 теңге. Соған қарамастан, тұрғындардың басым бөлігі уақыт үнемдеу мен жолдағы жайлылықты алға тартып, такси қызметін таңдауды жалғастырып отыр. Нәтижесінде сұраныс ұсынысты қалыптастырып отыр.
Бұдан бөлек, жуырда қалаішілік такси тарифтері де көтерілді.
Жолақы 500 теңгеден 600 теңгеге өсті. Айта кетейік, 500 теңге көлеміндегі тариф бірнеше жыл бойы өзгеріссіз сақталып келген еді.