«Даулет КМ» командасының 2009–2013 жылы туған жас хоккейшілері Қостанай қаласында өткен, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған Облыстық қысқы гимназиадада өздерінің қайсар мінезі мен мықты дайындығын тағы бір дәлелдеді. Облыстың 12 үздік командасы қатысқан тартысты додада житіқаралық жас спортшылар қола жүлдені қанжығаларына байлады.
Жарыс жолы оңай болған жоқ. Көптеген қарсыластарын сенімді түрде ұтқанымен, Сарыкөл және Федоровка командалары «Даулет КМ» ойыншыларына нағыз сын болды. Әсіресе Федоровкамен болған шешуші ойын көрермендерді соңғы секундқа дейін қобалжытты. Қос команда тең түскен тартыста жеңімпаз буллиттер сериясында анықталып, жітіқаралықтар жеңісті жұлып алды.
Алайда жітіқаралықтарды алда ең қызықты сынақ күтіп тұрды – алаң қожайындары, Қостанайдың нағыз «алыптарымен» кездесу. Қарсылас сапқа 2008 жылы туған, Қазақстан чемпионатында өнер көрсетіп жүрген ойыншыларын шығарды. Алғашында күш тең емес сияқты көрінгенімен, дәл осы жерде нағыз тартыс басталды: біздің жігіттер атақты қарсыластан именбей, екі кезең бойы есепті тең ұстап тұрды – 1:1, осылайша фавориттерді өз айдынын да әбден алаңдатты.
Өкінішке қарай, ойын даулы сәттерсіз өткен жоқ. Қақпашы қақпаға әлі толық оралмай тұрған сәтте төреші біздің қақпамызға соғылған голды есепке алды. Соған қарамастан, команда соңғы секундқа дейін күресіп, намысты қолдан бермеді.
Мұз айдынындағы нағыз қаһармандарды да атап өткен жөн. Александр Иванский – турнирдің үздік сұрмергені атанып, командасының басты шабуылшысы болды. Қақпаны сенімді қорғаған екі голкипер – Игорь Рудской мен Михаил Герд. Сондай-ақ Антон Тетенков пен турнирдегі ең жас ойыншы Игнат Безруков сәтті дебют жасады. Ал Асет Акназар, Аслан Батырхан, Максим Аниканов, Данил Бакатнюк және Глеб Ашеулов та ойын барысында көзге түсті.
Бұл жеңістің артында бапкер Ернар Алтаевтың үлкен жанашырлығы мен табанды еңбегі тұр.
«Даулет КМ» командасының заманауи спорттық киімі мен қажетті жабдықтары Жітіқара ауданының білім бөлімі, «Қостанай минералдары» АҚ және Даулет Нұржановтың қолдауының арқасында қамтамасыз етілді. Осындай сенімді серіктестер болғанда, команда мұз айдынына сеніммен, жеңіске деген үлкен құлшыныспен шығады.