Білім мен өндіріс байланысы
2026-04-01, 03:08
«Қостанай минералдары» АҚ Жітіқара политехникалық колледжімен көп жылдан бері тығыз ынтымақтастық орнатып келеді: кәсіпорын кадрлар даярлау ісіне қатысады, студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізеді, материалдық-техникалық базаны нығайтуға қолдау көрсетеді. Осылайша, өңірдегі білім беру мен өндіріс арасындағы тиімді байланыс жалғасып келеді.
31 наурыз күні колледжде Жітіқара ауданының әкімі Аслан Жаныспаевтың төрағалығымен «Жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл: тәжірибе, мәселе, перспектива» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға кәсіпорындар, ұйымдар және бизнес өкілдері қатысты.
Кездесу барысында оқу орнының даму перспективалары мен өзекті мәселелері талқыланды. Аудан әкімі атап өткендей, Жітіқара ауданында өндіріс пен білім беру жүйесінің өзара байланысы жолға қойылған — кәсіпорындар болашақ мамандарды даярлауға белсенді қатысуда.
Ынтымақтастықтың нақты нәтижелері туралы «Қостанай минералдары» АҚ-ның қызметкерлер және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департамент директоры Саят Шаймурунов баяндады. Жыл басында кәсіпорын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып, оның қорытындысы бойынша әлі диплом алмағанымен, жұмысшы біліктілігі бар және 18 жасқа толған 86 студент жұмыспен қамтылды. Қалған студенттерді де кәмелет жасына толғаннан кейін жұмысқа қабылдау жоспарлануда.
«Қостанай минералдары» АҚ басқарма төрағасы Ербол Нұрхожаев кәсіпорынның жас мамандарды оқытуға және олардың қалауына қарай компания есебінен жоғары білім алуына мүмкіндік беруге дайын екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысында колледж бен «САС Қазақстан» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл әріптестік қоғамдық тамақтандыру және өнеркәсіптік нысандарға сервистік қызмет көрсету салалары үшін мамандар даярлауға мүмкіндік беріп, түлектердің жұмысқа орналасуына жол ашады.