Спорт – әркімге қолжетімді!

~2 мин чтенияПросмотров: 9

Қазақстанда жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Спорт күніне дайындық жүріп жатыр. Жітіқара ауданында дене шынықтыру мен спорт әлдеқашан өмір салтына айналған. Ал қаланың өндірістік әрі әлеуметтік тірегіне айналған «Қостанай минералдары» АҚ спорттық секциялардың жұмысын ұйымдастырып, түрлі жарыстар мен турнирлердің өтуіне тұрақты қолдау көрсетіп келеді.
Кәсіпорындағы спорттық дәстүрлер ондаған жылдар бойы қалыптасып, бүгінде жүйелі түрде жалғасын тауып келеді. Қазіргі таңда бөлімшелердегі спорттық жұмыстарды спорт нұсқаушылары Артём Снитко (ГТК), Дмитрий Куанов (АТП), Алексей Ащеулов («МехЛитКом» ЖШС), Адильхан Айжаров (ЭУ), Данияр Ниязгулов (Басқарма), Азамат Укасов (НППС) және Алмат Ерденов (ОК) үйлестіреді. Олардың қызметін кәсіпорынның спорт нұсқаушысы Кирилл Сопронюк бақылайды.
Кәсіпорынның дәстүрлі спартакиадасы жыл бойы спорттың 15-тен астам түрін қамтиды. Бағдарламада спорттың классикалық түрлерімен қатар, пима хоккейі, қалашық ойыны және өрт спорты секілді ерекше бағыттар да бар. Ал «Папа, мама и я» атты отбасылық сайыс қызметкерлердің отбасы мүшелерін де бұқаралық спорт қозғалысына белсенді тартуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын Жітіқара қаласында спорттық инфрақұрылымның дамуына да елеулі үлес қосуда. Бүгінде қалада «Алма-Ата» бассейні мен «Горняк» стадионы секілді спорт нысандары халық игілігіне қызмет етуде. Жыл сайын «ҚМ» кәсіпорнының қолдауымен қалалық жағажай абаттандырылып, «IRON KM» триатлонын өткізу үшін понтондық конструкциялар орнатылады.
Бастапқыда жергілікті деңгейдегі жарыс ретінде қолға алынған триатлон бүгінде 100-ден астам қатысушыны біріктіретін республикалық деңгейдегі ауқымды спорттық шараға айналды. Марафондар мен триатлондарға қатысу спортшылар үшін тегін ұйымдастырылады. Өткен жылы «KM Marathon» 800-ден астам адамды біріктірді. Ал биылғы жарысқа 1000 қатысушыға орын қарастырылған.
Ержан Татишевті еске алуға арналған халықаралық спартакиада жыл сайын Қазақстан, Вьетнам, Түркия және Израиль кәсіпорындарының қызметкерлерін бір алаңға біріктіреді.
Өскелең ұрпақты спортқа баулу бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, «Дәулет» хоккей мектебіне қолдау көрсетіліп, балалар арасында бокс пен еркін күрестен өтетін түрлі турнирлерге демеушілік жасалады. Кәсіпорын мамандарының жүйелі еңбегінің арқасында Жітіқара еліміздің спорттық әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі ретінде танылып келеді.
Әрбір жеңістің, әрбір жүлде мен кубоктың артында өз ісіне шын берілген кәсіби мамандардың орасан зор еңбегі жатыр.
Келе жатқан Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, жеке рекордтар мен жарқын жеңістер тілейміз!

Поделиться записью

Оставьте комментарий