Таза қала – ортақ іс

~2 мин чтенияПросмотров: 2

Қоршаған ортаға ұқыпты қарау және туған қаланы абаттандыруға үлес қосу – «Қостанай минералдары» АҚ-ның әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Кәсіпорын қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған экологиялық бастамаларды тұрақты түрде қолдап келеді. «ҚМ» АҚ қызметкерлері сенбіліктерге, көгалдандыру және абаттандыру акцияларына үнемі қатысып, табиғат пен туған өлкенің тазалығы әр адамның жеке жауапкер- шілігі мен нақты ісінен баст алатынын жақсы түсінеді.

Осы ұстанымның кезекті айқын көрінісі ретінде «Қостанай минералдары» АҚ Жастар кеңесі Жітіқара ауданында бастау алған «Таза қала» экологиялық акциясына белсенді қатысты. Аталған шара мемлекеттік мекемелерді, кәсіпорындар мен ұйымдарды, сондай-ақ қаланың тазалығы мен көркеюіне бейжай қарамайтын тұрғындарды ортақ мақсатқа жұмылдырды.

Акцияға қатысушылар 4-шағын ауданның аулалық аумақтарына бөлініп, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Олар көшелерді сыпырып, тұрмыстық қалдықтарды жинады, жол жиектерін әктеді, шөп шауып, қоғамдық орындарды ретке келтірді.

Жітіқара ауданының әкімі Аслан Жаныспаевтың айтуынша, бұл акция ауқымды игі бастаманың алғашқы кезеңі болып табылады және жаз мезгілінің соңына дейін жалғасады.

– Бұл – бастамасы ғана. Ауа райы қолайлы болса, мұндай сенбіліктерді апта сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Ортақ мақсатымыз – Жітіқараны бұрынғыдан да таза әрі көрікті қалаға айналдыру. Бірлесе еңбек етсек, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп сенемін, – деді аудан әкімі.

Экологиялық акциялардың нәтижесі оған қоғам болып атсалысқан кезде ғана айқын көрінеді. Сондықтан тазалық жұмыстарын жүргізумен қатар, қол жеткізілген нәтижені сақтап қалу да аса маңызды. Қаланың тазалығы – әрбір тұрғынның жауапкершілігі.

 

Поделиться записью

Оставьте комментарий