Жазғы дәмнің құпиясы

~3 мин чтенияПросмотров: 9
Рубрики: В регионе Люди

Жаз – үйде қысқы азық дайындайтын мезгіл. Бірі жылдан-жылға сыннан өткен рецепттерге сүйенсе, енді бірі жаңа дәм үйлесімдерін іздеп, ас үйде батыл тәжірибе жасайды. Осындай жандардың бірі – тұрақты айдарымыздың кейіпкері, «Қостанай минералдары» АҚ хризотил талшығын байыту цехының жабдықтарға қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі слесарі Зинаида Малкова.

 

Кәсіпорында Зинаида жабдықтарға қызмет көрсетіп, оларды жөндеумен айналысса, үйінде үш қыздың аяулы анасы, отбасының берекесін келтіріп отырған қамқор жар. Жұбайы Сергей де «Қостанай минералдары» АҚ-да шаруашылық бөлімінің бастығы болып еңбек етеді. Екеуі өзара сыйластық пен қолдауға негізделген үлкен де тату отбасы құрған.
Бос уақытында Зинаида қолдан жасалған авторлық сабын әзірлейді. Дегенмен оның жүрегіне ең жақын іс – ас әзірлеу. Ас үйде ол жаңа рецепттерді сынап көріп, ерекше дәм үйлесімдерін іздейді. Көкөніс, жеміс-жидек маусымы басталысымен отбасының аспаздық қоржыны түрлі салаттармен, тосаптармен, компоттармен және басқа да қысқы дайындық түрлерімен толыға түседі.
Зинаиданың тағам дайындауға деген қызығушылығы бала кезінен басталған.
— Алғашқы борщты құрбым екеуміз тоғыз жасымда пісірдік. Дәмі өте жақсы шықты, бәлкім, бәрі сол кезден басталған шығар. Ал он үш жасымда алғаш рет нан жаптым. Анамның жұмыс уақыты тұрақсыз болатын, үйге кеш қайтатын. Сол себепті анама көмектесу үшін өзім тамақ әзірлей бастадым, – деп еске алады Зинаида.
Содан бері ас үй оның шығармашылық шеберханасына айналған. Үйдегілер де оның әрбір жаңа тәжірибесіне үйреніп қалған.
— Кейде өзіме көңілім толмай тұрса да, отбасым бәрібір: «Өте дәмді!» – деп бағасын береді, – дейді ол күлімсіреп.
Айта кетерлігі, бұл отбасында әркімнің өз сүйікті ісі бар. Зинаида жаңа тағамдар ойлап тапса, Сергей етті, балық пен тоңмайды ыстап, қақтаумен әуестенеді. Қыздары да ас үйге жиі көмектеседі: үлкені өз бетінше ас әзірлей бастаса, ортаншысы әсіресе тәтті тоқаштар мен бәліштер пісіруге қызығады.
Зинаида үшін жылдың ең дәмді мезгілі – жаздың соңы мен күздің басы.
— Біздің саяжайымыз бар. Онда өзіміз көкөніс өсіреміз. Барлығы өз бақшаңнан болған соң, түрлі тағамдар ойлап тауып, қысқа азық дайындауға мүмкіндік мол, – дейді ол.
Әсіресе, жаңа піскен жеміс-жидек молайған шақта жаңа рецепттерді сынап көруді ұнатады. Сондай сәтті тәжірибелердің бірі – таңқурай мен апельсин қосылған хош иісті компот.
— Шынымды айтсам, бұл рецепт аяқасты пайда болды. Әртүрлі компот жауып жатқанмын, аздап таңқурай қалып қойды. Оған апельсин қосып көрейін деп шештім. Өзім ерекше жаңалық ашқандай қуандым. Кейін қарасам, интернетте осындай рецепттер көп екен, – дейді ол.

Таңқурай мен апельсин қосылған хош иісті компот

Қажетті өнімдер:
500 г апельсин;
500 г таңқурай;
2 стақан қант;
5 шай қасық лимон қышқылы;
8 литр су.

Дайындалу тәсілі:
Апельсиндерді қайнаған сумен шайып, дөңгелектеп тураңыз да, алдын ала зарарсыздандырылған банкаларға салыңыз. Үстіне таңқурайды қосып, қайнаған су құйыңыз. Қақпағын жауып, 20 минутқа қалдырыңыз. Кейін суды кастрөлге құйып алып, қант пен лимон қышқылын қосып, қайнатыңыз. Үш минуттай қайнаған соң дайын шәрбатты қайтадан банкаларға құйып, бірден қақпағын жауып, орап қойыңыз.
Кейде ең сәтті рецепттер ұзақ ізденістен емес, аяқасты туған ойдан пайда болады. Осындай шағын аспаздық жаңалықтар уақыт өте келе әр отбасының сүйікті дәстүріне айналады.

Поделиться записью

Оставьте комментарий