Тазалық – ортақ жауапкершілік

~2 мин чтенияПросмотров: 19

Көктемнің алғашқы лебі сезілісімен Жітіқара да ақ ұлпа қар жамылғысынан арылып, қыстың ізі қалған шынайы келбетін аша бастайды. Қар астында жасырынып жатқан тұрмыстық қалдықтар, сынған бұтақтар мен шіріген жапырақтар көзге шалынған сайын табиғаттың үнсіз тілегі сезілгендей. Бұл көрініс тек аула мен көшелерде ғана емес, өткенге тағзым ететін қасиетті орындар — зираттарда да қайталанады.

Алайда, мұндай сәттерде қала тұрғындары сырттан көмек күтуді әдетке айналдырмай, туған жерге деген жанашырлықпен іске кіріседі. Олар үшін тазалық — тек тәртіп емес, туған өлкені құрметтеудің, табиғатпен үйлесім табудың көрінісі іспетті.
«Қостанай минералдары» АҚ ұжымы үшін экологияға жанашырлық тек өндіріс аясымен шектелмейді. Осы ұстанымның дәлелі ретінде олар жыл сайын «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін нақты істер арқылы көрсетіп келеді.

Естелікке құрмет
Осы аптада кең ауқымды тазалық жұмыстары ескі христиан зираты аумағында жүргізілді. Сенбілікті ұйымдастыру бастамасын «Қостанай минералдары» АҚ Ардагерлер кеңесі көтерді. Комбинаттың бұрынғы қызметкерлері мен белсенді қала тұрғындары зират аумағын қыстан қалған қоқыстан тазартуға атсалысты.
Бұл игі іске «Соцсервис» ЖШС қолдау көрсетіп, өз қызметкерлерін жұмылдырып қана қоймай, арнайы техникаларын да ұсынды. Соның арқасында ауқымды жұмысты қысқа мерзімде орындауға мүмкіндік туды. Сенбілік барысында 25 текше метр қоқыс жиналып, зират аумағынан шығарылды. Оның ішінде былтырғы жапырақтар, пластик бөтелкелер, пакеттер, құрғақ бұтақтар мен тозығы жеткен жасанды гүл шоқтары бар.

Ұрпақтар
сабақтастығы
Көктемгі тазалық жұмыстарының тағы бір маңызды нүктесі — 3-а шағын ауданы. Бұл жерде ерекше мәнге ие сенбілік өтті: Ардагерлер кеңесі мен «Қостанай минералдары» АҚ Жастар кеңесі бірлесе жұмыс атқарды.
Қолдарына тырма мен қап алған тәжірибелі ардагерлер мен жас мамандар бірлесіп, қалың өскен аумақты тазартты. Нәтижесінде 20 тонна қоқыс шығарылып, аумақ толықтай ретке келтірілді.
Алайда, бұл шараның маңызы тек жиналған қалдық көлемімен шектелмейді. Бірлескен еңбек — кәсіпорында ұрпақтар сабақтастығының сақталып отырғанының айқын көрінісі. Ардагерлер мен жастардың ортақ іске жұмылуы арқылы «Таза Қазақстан» бағдарламасында көзделген экологиялық мәдениет қалыптасып келеді.

Поделиться записью

Оставьте комментарий