Мейрамхана, бар және караоке-холл форматтарын бір шаңырақ астына тоғыстырған жаңа кешен қала тұрғындары мен қонақтары үшін әмбебап демалыс орталығына айналмақ. Салтанатты рәсімде нысанның қызыл лентасын Жітіқара ауданының әкімі Аслан Жаныспаев, Kusto Group компаниясының негізін қалаушы Еркін Тәтішев және «Қостанай минералдары» АҚ Басқарма төрағасы Ербол Нұрхожаев қиды.
Жаңа кешеннің ашылуы ауданда өткен Ержан Тәтішевті еске алуға арналған XXI халықаралық спартакиадамен тұспа-тұс келді. «QAZYNA» кешенінің банкет залында Ержан Нұрелдәйемұлының рухына арналған ас берілді. Ол – өз қызметімен комбинаттың және тұтас Жітіқара өңірінің дамуына зор серпін берген тұлға.
Жобаның жүзеге асырылуына тура бір жыл уақыт жұмсалды: құрылыс жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталып, 2026 жылдың көктемінде толық аяқталды. Жобаның тапсырыс берушісі – «Қостанай минералдары» АҚ-ның серіктес кәсіпорны «ДӘМДІ» ЖШС. Ғимараттың сәулеттік жобасын «Евразия KZ» ЖШС мамандары әзірлесе, бас мердігер ретінде «МинералСтройСервис» ЖШС еңбек етті.
Жалпы аумағы 1462,2 шаршы метрді құрайтын екі қабатты мейрамхана 0,388 гектар жер телімінде орналасқан. Кешеннің ішкі кеңістігі әрбір келушінің өз талғамына сай демалыс орнын табуына мүмкіндік беретіндей етіп жобаланған.
Бірінші қабатта жайлы кафе аймағы мен заманауи талаптарға сай жабдықталған балалар ойын алаңы орналасқан. Бұл нысан отбасылық демалыс үшін қолайлы орынға айналып отыр. Екінші қабат толықтай ауқымды мерекелік іс-шаралар мен ресми қабылдаулар өткізуге арналған кең банкет залы.
Тыныш демалыс аймақтары, балаларға арналған ойын кеңістігі және заманауи караоке-холлдың үйлесімді тоғысуы «QAZYNA» кешенін Жітіқарадағы сапалы әрі жан-жақты демалыстың жаңа орталығы ретінде танытады.
Жітіқара жаңарып, көркейіп келеді. Біз өңіріміздің осындай игі жаңалықтарымен бөлісуге әзірміз!