Жергілікті өңірдегі қаңғыбас иттер мәселесі әлі күнге дейін ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі болып отыр. Біреулер иесіз жануарларға теріс көзқараспен қараса, енді бірі оларға жанашырлық танытады. Алайда, бұл жағдай мәселенің өзектілігін төмендетпейді. Жітіқарада жануарларға арналған панажай ашу қажеттілігі бұрыннан айтылып келеді және бұл мәселе бірнеше рет жергілікті атқарушы билік деңгейінде көтерілген.
Бүгін бұл диалог нақты әрі конструктивті жалғасын тапты. Оған аудан әкімі Аслан Жаныспаев бастаған аудан басшылығы, уәкілетті органдардың жетекшілері, қала құраушы кәсіпорын — «Қостанай минералдары» АҚ өкілдері және «Твори добро, Жітіқара» қоғамдық бірлестігінің зооқорғаушылары қатысқан дөңгелек үстел дәлел бола алады.
«Қостанай минералдары» АҚ мамандары алдын ала есептеулер жүргізіп, тиісті сметаны әзірлеген. Құжаттарға сәйкес, 80 итке арналған тұрақты панажай салуға шамамен 32 млн теңге қажет. Ал жер телімін рәсімдеу мен сатып алу шығындары шамамен 800 мың теңгені құрайды.
Бұл – қомақты қаражат. Дегенмен, ең маңыздысы – панажай салу мәселесі енді «болу немесе болмау» деңгейінде емес. Кездесу барысында тараптар тиімді әрі қолайлы шешімдерді қарастырды. Қазіргі уақытта аудан бюджетінде мұндай құрылысқа арналған арнайы бағдарламалар қарастырылмағанымен, аудан әкімі алдағы уақытта оларды іске қосу мүмкіндігін жоққа шығармады. Әзірге негізгі үміт — демеушілік қолдауда.
«Қостанай минералдары» АҚ басқарма төрағасы Ербол Нұрқожаевтың айтуынша, мұндай жобаларды кезең-кезеңімен, шағын көлемнен бастап жүзеге асырған жөн. Осы ұстаным алдағы жұмыстың негізіне алынды. Кездесу қорытындысы бойынша сметаны қайта қарап, оңтайландыру, қосымша демеушілер тарту тетіктерін пысықтау және жобаны 20–30 итке арналған шағын форматтан бастау туралы ортақ шешім қабылданды.
Біз оқиғаның әрі қарайғы дамуын назарда ұстаймыз және билік, бизнес пен қоғам өкілдерінің бірлескен күш-жігері нәтижесінде Жітіқарадағы қаңғыбас жануарлар мәселесі нақты шешімін табады деп сенеміз.