Тау-кен көлік кешені көш бастады

~2 мин чтенияПросмотров: 24

«Қостанай минералдары» АҚ және серіктес кәсіпорындар арасындағы спартакиада аясында бөлімшелер мен әріптес ұйымдар командалары арасында баскетболдан жарыс өтті. Турнирге 7 команда қатысты: БК (байыту кешені), ТКК (тау-кен көлік кешені), АТП (автокөлік кәсіпорны), «МехЛитКом» ЖШС МЛК, ЭБ (энергетика басқармасы), Басқарма және МӨҚҚ (мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет).

Демалыс күндері өткен спорттық сайыстар қатысушыларды тағы да бір алаңға жинап, бәсеке алғашқы сәттерден-ақ қыза түсті. Ойындар жоғары қарқынмен өтіп, әр команда шабуылға басымдық берген белсенді тактиканы таңдады. Нәтижесінде жанкүйерлер тартысқа толы, динамикасы жоғары кездесулерді тамашалады. Қорғаныстан шабуылға шапшаң ауысу, сақина түбіндегі жігерлі күрес пен ойын барысындағы бастаманың жиі өзгеруі жарыстың көркін арттыра түсті.
Кездесулердің әрқайсысы шиеленісті жағдайда өтті. Есеп айырмашылығына қарамастан, командалар ойын екпінін бәсеңдетпей, әрбір доп үшін барын салды. Алыстан бағытталған дәл соққылар талай мәрте ойын барысын өзгертіп, тартысты одан әрі күшейтті.
Финалдық кездесу турнирдің ең әсерлі әрі тартысты ойынына айналды. Дәл осы матчта бәсекенің қызуы шегіне жетіп, ойын барысы соңғы секундтарға дейін белгісіз күйде сақталды. Алаңдағы да, трибунадағы да эмоциялық ахуал жоғары деңгейде болып, жанкүйерлер финалдық сиренаға дейін толассыз қолдау көрсетті. Командалар бар күш-жігерін салып, әрбір шабуыл мен қорғаныс сәті шешуші маңызға ие болды. Нәтижесінде көрермендер жоғары деңгейдегі шынайы спорттық тартыстың куәсі болды.
Жарыс қорытындысы бойынша ТКК командасы сенімді ойын өрнегінің арқасында қарсыластарынан оқ бойы озып, турнир жеңімпазы атанды. Ұжым барлық кездесулерде тұрақтылық танытып, өзара үйлесімді іс-қимылымен және шешуші сәттерде сабырлылығымен ерекшеленді. Екінші орынға қызу бәсекеде МЛК командасы ие болды. Үздік үштікті Басқарма командасы түйіндеді. Төртінші орынға тұрақтаған БК командасына «Хризотил» филиалы тарапынан жарысқа белсенді қатысқаны және жеңіске деген жігері үшін арнайы сыйлық табыс етілді.
Жеке номинацияда турнирдің үздік ойыншысы болып ТКК командасының ойыншысы Андрей Безруков (№12) танылды. Ол алаңдағы тұрақты ойынымен, шабуылдағы сенімді әрекеттерімен және шешуші сәттердегі белсенділігімен ерекшеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді лайықты нәтижелерімен құттықтай отырып, барлық қатысушыларға жарқын ойындары мен жоғары деңгейдегі бәсекесі үшін алғыс білдіреміз. Командалардың спорттық рухы мен жігері бұл демалыс күндеріне ерекше әсер сыйлады.
Алдағы жарыстарда қайта жүздескенше!

Поделиться записью

Оставьте комментарий