Жандос Жүсіпбек
Жітіқарадағы аудандық аурухана өңіраралық емдеу орталығына айналмақ. Бұл жобаны іске асыру осы жылдан басталады. Сондай-ақ, жергілікті жұртты алаңдатып отырған экологиялық мәселелер биыл толық шешімін табады. Осы және басқа да жоспар-жобалар туралы аудан әкімі Нұржан Өтегенов мәлімет берді.
Аурухана ауқымы
кеңейеді
Мемлекет басшысы 2022 жылғы Жолдауында елдегі 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналатынын айтқан болатын. Оларда кез келген аудандық ауруханада бола бермейтін емдеу бөлімдері ашылуға тиіс. Президенттің бұл тапсырмасының Жітіқараға да қатысы бар. Мұндағы орталық аурухана көршілес орналасқан аудандардың халқын қабылдауға қауқарлы бола түспек.
«Аудандық аурухананы өңіраралық мекеме дәрежесіне көтеру жұмыстары осы жылдан басталып, үш жылға ұласады. Хирургиялық, терапевтік корпустар күрделі жөндеуден өтіп, инсульттен емдеу, жансақтау және оңалту бөлімдері жетілдіріледі. МРТ, КТ құрылғылары, ота жасау үстелдері сатып алынады. Бас-аяғы 12 жаңа кереует қосылуы керек», – дейді Н.Өтегенов.
Оның айтуынша, аурухананы ауданаралық деңгейге көтеру жұмыстары 2025 жылдың соңына қарай толық аяқталады. Осылайша, шалғайда, шекара шебінде тұратын халықтың сапалы медициналық қызметке қолы жетпек.
Қауіп сейілер күн
алыс емес
Жітіқарада зиянды металдар көмілген саркофагтың біртіндеп мүжіліп, қоршаған ортаға төндірер қаупі арта түскенін бұған дейін де жазғанбыз. Өткен ғасырдың 30 жылдарынан бастап, осы жерден алтын өндірілген. Ел ішінде "Балшық тау" аталып кеткен бұл дөң сол кен қалдықтарының көмбесі. Зиянды қалдықтар 1970 жылдары саркофагпен жабылған. Жітіқаралықтар оған қайтадан күрек салуға болмайтынын бұрыннан біледі. Өйткені "тау" астындағы химиялық металдар ауаға тарап, ауыз суға қосылса, салдары орны толмас экологиялық апатқа әкеледі. Әсіресе, ел еміп отырған Шортанды өзені уланса, жағдай мүшкіл болмақ. Ал бұл өзеннің Тобылға құятынын ескерсек, мәселе одан сайын ушығып кетуі мүмкін. Бірақ бұл көмбенің табиғи жолмен бұзылып жатқанын жергілікті белсенділер мәселе қылып көтерген.
"Саркофаг жауын-шашыннан, жел эрозиясынан көз алдымызда шөгіп, үгіліп барады. Кей тұстарындағы жарықтарының тереңдігі 9 метрге жетеді. Ондағы бетондарды ішкі жағынан тіреп тұрған шпалдар – ағаштан. Еріген қар суы осы үйіндінің астынан шығып, Шортанды өзеніне құйып жатыр. Мұнда мышьяк, сынап, күкірт диоксиді, цианидтер, аммиак, азот диоксиді секілді толып жатқан зиянды заттар бар. Жалпы, бұл — кезек күттірмейтін мәселе", – деп дабыл қаққан еді Светлана Линник бастаған экологтар.
Аудан әкімінің мәліметінше, бұл түйткіл басшылық назарынан да тыс қалып көрмеген. Қазір қатердің бетін ары қарату үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.
«Жітіқаралық белсенділер соңғы 5-6 жыл көлемінде осы мәселені көтеріп келеді. Бұл жағдайдан толық хабардармыз. 2020-2021 жылдары бірнеше рет бюджеттік өтінім жасадық. Бұл, негізі, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының құзыретінде. Осы мекеме былтыр облыстық бюджет есебінен 21 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу шараларын ұйымдастырды. Оны «НПК «Экоресурс» ЖШС ұтып алды. 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап бақылау жұмысы жүргізіліп жатыр. Жылына төрт маусым олар ауаны, суды және жерді тексерулері, сынамалар алулары керек. Біз бұл мамандармен тоқсан сайын кездесіп тұрамыз», – дейді аудан басшысы.
Қала белсенділері де жауапты компания өкілдерімен жіті қарым-қатынас орнатқан. Олардың жұмыстарын бақылап, маңынан табылып жүр. Жергілікті басшылық та зерттеу жұмыстарының аяқталғанын күтіп отыр.
«Олар бізге осы жылдың қазан айына дейін толыққанды шешімін беруі тиіс. Ғалымдардың ұсынысы бойынша, біз ары қарай жұмысты жалғастырамыз. Саркофагты қайта саламыз ба, әлде басқа амалы бола ма, оны мамандар айтуға тиісті», – деп жауап берді аудан әкімі біздің сұрағымызға.
Ауыз су мәселесі
толық шешіледі
Дәл қазіргі уақытта 9-шы шағын аудандағы жер учаскелеріне инженерлік коммуникация тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл шаруаға бюджеттен 109 млн теңге бөлінген. Аудан әкімі осы жобаны өзекті деп санайды. Өйткені қала аумағынан жер учаскесін алғысы келетіндердің кезегінде 230 адам тұр.
Сонымен қатар, ауданда жеке тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жыл басынан бері осы бағытта 656 млн теңгенің жұмысы аяқталған. Межеленген жоспар әлдеқайда ауқымды.
Мұның сыртында Ұлттық қор мен облыстық бюджет есебінен төрт инвестициялық жоба жүзеге асырылу үстінде. Оның ішінде, үшеуі сумен қамту бағытында, салынатын желілердің жалпы ұзындығы 36,5 шақырым болады. Атап айтқанда, Чайковский ауылына 16,6 шақырымдық, Пригородный елді мекеніне 3,1 шақырымдық желі тартылады. Сондай-ақ, Шортанды өзені жағасындағы аз қабатты нысандарға 16,8 шақырымдық сумен қамту желілері төселеді. Бұл жұмыстарға жұмсалатын қаржы сомасы – 75,5 млн теңге.
«Аталған жобаларды аяқтаған соң сумен жабдықтау қызметімен Жітіқара қаласының тұрғындары 100%, ауылдық елді мекендер 99,2% ауыз сумен қамтылады», – деп түйіндеді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, бүгінде 1,350 млрд теңгеге екі жоба іске асырылып жатыр. Біріншісі – ұнтақтағыш сұрыптау кешені және Аршалысай кен орнынан гранит өндіру. Бұл жоба сәуір айында басталған. Отыз адам жұмысқа алынған. Екіншісі – ұнтақтау кешенінің үшінші желісін іске қосу. Бұл жоба жылына 750 тоннаға дейін кен өндіруге мүмкіндік береді. Бастамашы компания – «Брендт» ЖШС. Жоба аясында 40 адам жұмыспен қамтылады.