Достық пейілдегі қол алысу, естелік сыйлық және ұзақ жылдарғы жемісті ынтымақтастық үшін шынайы алғыс. Осы аптада «Қостанай минералдары» АҚ басшылығы Жітіқара политехникалық колледжінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Марат Аблаевты жаңа қызметіне салтанатты түрде шығарып салды. Шілде айынан бастап ол Қостанай қаласындағы Цифрлық индустрия колледжінің директоры қызметіне кіріседі.
Марат Аблаев еңбек жолының басым бөлігін Жітіқара политехникалық колледжімен байланыстырды. Соңғы төрт жылда оқу орнына директор ретінде басшылық етті. «Қостанай минералдары» АҚ ұжымы мен кәсіпорын басқармасы атынан алғы сөз сөйлеген техникалық директор Айбол Смағұлов Марат мырзаның Цифрлық индустрия колледжіне тағайындалуы – цифрлық мамандықтарға сұраныстың артуына байланысты кәсіби дамудың жаңа белесі екенін атап өтті.
– Жаңа қызметіңізде де Жітіқараның биік деңгейін таныта беретініңізге сенімдімін. Бүгін Басқарма төрағасы Нұрхожаев Ербол Сапарбайұлы, басқарма мүшелерінің, «Қостанай минералдары» АҚ-ның еңбек ұжымының және Жітіқара тұрғындарының атынан сізге адал еңбегіңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Біз кәсіптік бағдар беру және өндірістік тәжірибені ұйымдастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқардық. Бүгінде кәсіпорынның көптеген басшылары осы колледждің қабырғасынан түлеп ұшты. Олардың әрқайсысы сізге ризашылығын білдіріп, сәттілік тілейтініне сенімдімін. Жаңа қызметіңізге толағай табыс тілеймін! – деді Айбол Рахымғалиұлы.
Осы жылдар ішінде комбинат пен ЖПК арасындағы әріптестік жүйелі түрде дамыды. Бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарының бірі дуальды оқыту жүйесін жетілдіру болды. Соның нәтижесінде студенттер теориялық білімдерін өндірістегі нақты тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алды. Білім мен өндірістің осындай тиімді ықпалдастығы өз нәтижесін беріп, «Қостанай минералдары» АҚ қолдауымен колледж студенттері беделді «WorldSkills» жастар қозғалысының белсенді қатысушыларына айналып, бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатар білім беру бағдарламаларын жетілдірумен бірге колледждің материалдық-техникалық базасы да жаңғыртылды. Кәсіпорынның қолдауымен спорт залы күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи мамандандырылған кабинеттер мен жаңа зертханалар ашылды. Бұл студенттерге, педагогтерге және ата-аналарға қолайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Ынтымақтастықтың осы кезеңін қорытындылаған Марат Әбділхасымұлы:
– Мен білім беру саласына шынайы қолдау көрсететін осындай сенімді серіктестермен, өңірдің дамуына үлес қосып отырған ірі кәсіпорындармен бірге жұмыс істегенімді мақтан тұтамын, – деді.