«Қостанай минералдары» АҚ-ның өндірістік қуаты әрдайым өзінің ауқымдылығымен таңғалдырады. Бірегей қасиетімен ерекшеленетін хризотил-асбест өндірілетін карьерге көз салғанда, кен өндіру үдерісінің өзінен ерекше әсер аласың. Алайда бұл алып өндірістік механизмнің сағаттай дәл әрі үздіксіз жұмыс істеуі үшін ондаған маманның еңбегі қажет. Солардың қатарында біріктірілген тартқыш қосалқы станциялардың жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету бригадасы да бар. Бригаданың негізгі міндеті – карьерді және басқа да өндірістік нысандарды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету.
Бригада мамандары негізінен 1000 вольттан 110 киловольтқа дейінгі жоғары кернеулі электр жабдықтарымен жұмыс істейді. Мұнда асығыстыққа жол берілмейді. Себебі кез келген қателік немесе орынсыз әрекет апаттық жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан барлық жұмыс қатаң түрде нұсқаулықтар мен наряд-рұқсаттарға сәйкес жүргізіледі. Жұмыс алдында кернеудің жоқтығы тексеріліп, қажетті қорғаныс құралдары пайдаланылады. Бұл ұжым үшін ең басты қағида – қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Бригаданың жауапкершілік аймағында үш тартқыш қосалқы станция – СТП-1, СТП-2 және СТП-6 бар. Олар карьер техникасымен қатар автокөлік кәсіпорнын, шағын механизация нысандарын электр энергиясымен қамтамасыз етіп, карьер аумағының жарықтандырылуына жауап береді. Сонымен қатар ұжым өткен жылы іске қосылған күн электр станциясына да қызмет көрсетеді. Ол желіден энергия қабылдап, ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік беретін қосымша қуат көзі ретінде пайдаланылады.
Өндірістің тоқтап қалуына және апаттардың алдын алуға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Мамандар жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстарын атқарып, трансформаторларға, айырғыштар мен вакуумдық ажыратқыштарға техникалық қызмет көрсетеді. Кезекші персонал жабдықтардың жағдайын ауысым бойынша бақылап, өндірістік өтінімдерді орындайды. Мысалы, экскаваторларды бір учаскеден екіншісіне ауыстыру кезінде желілерді ажырату жұмыстарын жүргізеді. Ал жөндеу бригадасы күндізгі ауысымда еңбек етеді.
Дегенмен ауа райының күрт өзгеруіне байланысты туындайтын апаттық жағдайларда мамандар кез келген уақытта нысанға шығып, ақауларды жедел жояды. Қатты ыстық пен қақаған аяз, найзағай, күшті жел салдарынан сымдардың үзілуі сияқты жағдайлар электр желілерінің жұмысына әсер етуі мүмкін.
Ұжымдағы басты құндылықтардың бірі – өзара алмастыра білу. Аға шебер Сергей Ротенберг құжаттамаға, жұмыс үдерісін ұйымдастыруға, техника мен көлікке жауап береді. Ол болмаған жағдайда оның міндетін кәсіпорында 15 жыл еңбек етіп келе жатқан, электромонтерден шеберге дейінгі жолдан өткен Рамиль Тихонов атқарады. Ал шебердің міндетін уақытша атқару кезеңінде бригадир Геннадий Степанов жауапкершілікті өз мойнына алады. Дәстүр бойынша оған жас мамандарды бейімдеу және үйрету жұмыстары да жүктелген.
Бригадада тәлімгерлік бағытында электромонтер Бауржан Туребаев та белсенді жұмыс жүргізеді. Жақын уақытта бұл міндетті электромонтер Виктор Рудницкий де атқара бастайды. Ұжымның сенімді тірегін электромонтерлер Максим Баранов пен Александр Чагин, сондай-ақ күрделі монтаж жұмыстарының бірінен де қалыс қалмайтын білікті электргаздәнекерлеуші Виталий Ильин толықтырады.
Бригаданың жұмысы тек күнделікті техникалық қызмет көрсетумен шектелмейді. Мамандар жыл сайын ескірген жабдықтарды ауыстыру бойынша ауқымды монтаж жұмыстарын атқарады. Қазір мамандар СТП-1 қосалқы станциясына жаңа жабдық – реклоузер-ажыратқыштарды орнатуға және оларды пайдалануды меңгеруге дайындалып жатыр.
Өндірістік ізденіс пен жаңашылдыққа да бұл ұжымда әрдайым орын бар. Мамандар жыл сайын еңбекті жеңілдетуге, жұмыс үдерісін жетілдіруге және кәсіпорынға экономикалық тиімділік әкелуге бағытталған өзгерістер енгізеді.
Бригаданың әрбір жұмыс күні раскомандировкадан және еңбек қауіпсіздігі бойынша егжей-тегжейлі нұсқамадан басталады. Алайда қандай ауа райы болмасын, күрделі жұмысты сапалы атқаруға мүмкіндік беретін басты күш – ұжымның ауызбіршілігі, шынайы қолдауы және әріптесіне деген сенімі.
Бұл тәсіл жөндеу мамандарының өз кәсібіне деген көзқарасын айқын көрсетеді. Әр қызметкер өз міндетін жақсы біледі, өз ісін құрметтейді және жауапкершілікпен атқарады. Ал бұл өз кезегінде өндірістің тұрақты жұмысына, қауіпсіздікке және ортақ нәтижеге тікелей әсер етеді.