Жітіқара ауданында әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі өтті

~2 мин чтенияПросмотров: 23

Жыл сайын өткізілетін іс-шара Жітіқара ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.

Жәрмеңке дәстүрлі түрде өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге, азаматтық белсенділікті дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған қоғамдық бастамаларды қолдау алаңы болып табылады. Ұсыныстарды қабылдау және қарау 1 мамыр мен 15 маусым аралығында жүргізілді.

Биыл конкурсқа қатысу үшін 21 өтінім келіп түсті. Ұсынылған жобалар белгіленген мақсаттар мен критерийлерге сәйкестігі тұрғысынан қаралып, оның ішінде 9 жоба қорғау кезеңіне жіберілді.

Жобаларды қорғау және конкурстық комиссияның талқылауының қорытындысы бойынша 5 бастама іріктелді. Әрбір жеңімпаз жобаға 400 000 теңге көлемінде қаржыландыру бөлінеді.

Конкурс жеңімпаздары:

🔹 «Үміт» бастамашыл тобы – «PlayGraund» жобасы (Тургенов ауылында балалардың бос уақытын өткізуіне қолайлы жағдай жасау)

🔹 «Қазыналы жас» бастамашыл тобы – «Қарым-қатынас пен белсенді демалыс аумағы» жобасы (аға буын өкілдерін қолдау)

🔹 «Дарынды балалардың ата-аналары» бастамашыл тобы – «Жан әуені» жобасы (балалар шығармашылығын дамыту)

🔹 «ГАММА» бастамашыл тобы – «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделген киім» жобасы (мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау)

🔹 «United Group Kz» бастамашыл тобы – «Ұлттық мұра» жобасы (өсіп келе жатқан ұрпақты әлеуметтік бейімдеу және ұлттық мәдениетке баулу)

Грант көлемінің салыстырмалы түрде шағын болуына қарамастан, көрсетілетін қолдау жобалардың одан әрі дамуына, ауқымын кеңейтуіне және қосымша ресурстар мен жаңа мүмкіндіктерді тарта отырып, тұрақты негізде жүзеге асырылуына серпін беруі тиіс.

Жобалары жеңімпаздар қатарына енбеген қатысушыларға өз бастамаларын одан әрі жетілдіріп, облыстық және республикалық деңгейдегі гранттық қолдау қарастырылған конкурстарға қатысу ұсынылды.

Жобаларды іске асыру кезеңінде жеңімпаздарға «Damu.kst» жастар қоғамдық бірлестігі тарапынан ұйымдастырушылық-әдістемелік сүйемелдеу көрсетіліп, жобалардың жүзеге асырылуы мен бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізіледі.

Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Жобалардың сәтті жүзеге асуына, алға қойған мақсаттарына қол жеткізуіне және ауданымыздың игілігі жолындағы жаңа бастамалардың жүзеге асуына тілектеспіз!

Поделиться записью

Оставьте комментарий