Жітіқара ауданындағы №10 жалпы білім беретін мектепте «Жас сақшы» полиция сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – аудан тарихындағы алғашқы осындай сынып.
Салтанатты шараға полиция бөлімінің, білім беру бөлімінің өкілдері, мектеп мұғалімдері, оқушылар мен құрметті қонақтар қатысты. Олардың қатарында Жітіқара қаласы мен Жітіқара ауданы полиция бөлімінің бастығы міндетін атқарушы, полиция полковнигі Толеген Каерлапов, оның орынбасары, полиция майоры Бахыт Салимжанов және аудандық білім беру бөлімінің басшысы Майра Бимагамбетова болды.
Жаңа сыныптың құрамына 7 «Б» сыныбының 24 оқушысы қабылданды. Жас кадеттер салтанатты түрде ант беріп, өздеріне берілген куәліктерді алды.
«Жас сақшы» сыныбы Қазақстанның Батыры Ғазиз Байтасовтың құрметіне ашылды. Оның негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық сезімін қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікке және заңды құрметтеуге тәрбиелеу.
Айта кетейік, бұл бастама Қостанай облысында «Жас сақшы» қозғалысын дамыту аясында жүзеге асырылып отыр. Қазіргі таңда облыста осындай 8 сынып жұмыс істейді.
Жас кадеттерді айтулы оқиғамен құттықтаймыз! Оларға «Жас сақшы» атағын абыроймен алып жүруді, білімді, жауапты әрі өз қатарластарына үлгі болар азамат болып қалыптасуды тілейміз. Бүгінгі алған білімдері мен тәжірибелері болашақтағы жетістіктеріне берік негіз болсын!