Іске берілген жандар

~7 мин чтенияПросмотров: 40

Қаланың көркі мен жайлылығы күнделікті өмірде бізге қалыпты нәрсе болып көрінеді. Алайда көшелердің жинақылығы, нысандардың үйлесімді келбеті мен абаттандырылған аумақтардың әрқайсысының артында үлкен еңбек, дәл есеп және кәсіби ізденіс бар. Жітіқараның бүгінгі сәулеттік бейнесін қалыптастыруға «Қостанай минералдары» АҚ-ның құрылыс-конструкторлық бөлімі де өзіндік үлесін қосып келеді. Бұл бөлімде әр жұмыстың ұсақ-түйегіне дейін мән беріліп, кез келген жоба мұқият есеп пен нақты шешімді талап етеді. Кейде қарапайым көрінетін нысанның артында бірнеше маманның бірлескен еңбегі, талай сағаттық ізденісі жатады. Мұнда инженерлер үшін дәлдік – басты талап. Ал күрделі міндеттер тың шешім іздеуге жол ашады.

Бөлімді Алмат Досжанов басқарады. Оның жетекшілігіндегі ұжым – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, бір-бірін қолдайтын және күрделі жобаларды жүзеге асыруға дайын ұйымшыл мамандар командасы. Қаланың қазіргі келбетінің қалыптасу тарихында суретші Юрий Трушинскийдің де еңбегі ерекше. Бүгінде ол зейнет демалысында. Суретші ұсынған идеялар кейін инженерлік есептермен толықтырылып, нақты нысандарға айналды.

Жобаның келесі кезеңінде конструкторлардың еңбегі басталады. Жетекші инженер Людмила Щербань мен бас конструктор Иван Беличков жобалардың техникалық шешімдерін пысықтап, олардың жүзеге асуына қажетті жұмыстарды атқарады.

Ал нысандардың техникалық шешімдері мен электрмен жабдықталуына инженер-конструктор Владимир Завгородний жауап береді. Нысанның сыртқы келбеті мен айналасының абаттандырылуы да назардан тыс қалмайды. Бұл бағытта Даяна Бупежанова жұмыс істеп, нысандардың эстетикалық тұрғыдан үйлесімді болуына көңіл бөледі.

Әр кезеңнің шығыны мен қажетті қаражатын инженер-сметашы Наталья Татаркина есептейді. Ал ғимараттар мен құрылыстардың қауіпсіздігіне қатысты талаптардың орындалуын қадағалау жөніндегі жетекші инженерлер Виктор Апрелев пен Вадим Красотин қамтамасыз етеді.
Құрылысшылар күні қарсаңында құрылыс пен жобалау саласында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегіне назар аудару – осы кәсіптің маңызын тағы бір мәрте бағалауға мүмкіндік береді. Жітіқараның бүгінгі келбеті көзге бірден түсе бермейтін, алайда әрбір бөлшегінде кәсіби шеберлік пен жауапкершілік жатқан осындай еңбектің нәтижесі.

Миды жұмыс істету керек

Құрылыс-конструкторлық бөлім мамандары күрделі міндеттерден қаймықпайды. Керісінше, олардың айтуынша, жұмыстың ең қызықты тұсы да осындай күрделі тапсырмалардан басталады. Мәселен, «Горняк» стадионында кешенді трансформаторлық қосалқы станция орнату жобасы инженерлер үшін нағыз сынақ болды.
Салмағы бір тоннадан асатын алып құрылымды небәрі екі тірекке сенімді бекіту қажет болды.

– Облыста мұндай шешімдер жоқ. Әдетте бір тірекке шағын трансформатор орнатылады. Ал мұнда үлкен трансформаторды екі нүктеге «қондыруға» тура келді, – дейді инженер-конструктор Владимир Завгородний.

Құрылымның салмаққа төтеп беріп, орнықтылығын жоғалтпауы үшін мамандар жан-жақты ізденуге кірісті. Басқа өңірлердегі әріптестерімен байланысып, кәсіпорын механиктерімен бірге ішкі кеңестер өткізді, қажетті ақпаратты іздеді. Тіректердің үлкен салмақты көтеруге қаншалықты төзімді екенін есептеуге Самат Жүсіпов те атсалысты.
Бұл жоба Владимир Завгородний үшін кәсіби тұрғыдан ерекше сын болды. Алайда ол үшін осындай «бас қатыратын» міндеттер – жұмыстың ең қызықты бөлігі.
Владимирдің қазіргі қызметіне дейінгі еңбек жолы да өндірістен басталған. Ол жеті жыл бойы орау учаскесінде алтыншы разрядты электрші болып жұмыс істеді. Өндірісте жүріп, жабдықтарға қызмет көрсетумен қатар, престерді басқару жүйелерін бағдарламалаумен айналысты.
Сегіз жыл бұрын Владимирді құрылыс-конструкторлық бөлімге шақырады. Магнитогорск техникалық университетінде алған іргелі білімі мен өндірістегі мол тәжірибесі оның кәсіби бағытын өзгертіп, жабдықтарға қызмет көрсетуден қалалық нысандарды жобалауға дейінгі жолдан өтуіне негіз болды.
Наталья Татаркина бөлімге осыдан тоғыз жыл бұрын келді. Бұған дейін ол банк бөлімшесін басқарған. Кейін құрылыс конструкцияларының есеп-қисабын жүргізетін жаңа салаға бет бұрды. Жаңа мамандықты меңгеру үшін Астана қаласында арнайы білім алды.

– Жұмыс көп болғанын ұнатамын. Қарқын бәсеңдеп, іш пыса бастағанын жақтырмаймын. Әрбір жаңа тапсырма – ойланып, шешім табуға мүмкіндік. Мұнда кейде дайын жауап беретін адам болмайды, сондықтан көп нәрсені өзіміз іздеп, өзімізге үйренуге тура келеді, – дейді Наталья.

Кәсіби ізденіс пен авторлық шешімге деген ұмтылыс Даяна Бупежановаға да тән. Бөлімде еңбек етіп жүргеніне небәрі екі жыл болса да, ол Жітіқараның келбетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерді.
Профилакторий, «Горняк» стадионының трибуналары, «Qazyna» кафесі – бұл нысандардың әрқайсысының артында кешкі уақытта нысандарға жасалған сапарлар, демалыс күндеріндегі жұмыс және құрылыс барысын үздіксіз бақылау тұр.
Бас конструктор Иван Беличковтың айтуынша, мамандықтың шынайы мәні де осындай сәттерде ашылады.

– Құрылыс – үнемі жаңа нәрсеге тап болып, тәжірибе арқылы үздіксіз үйренетін сала, – дейді ол.

Иван 2018 жылы кәсіпорындағы кәсіби жолын экскаватор машинисінің көмекшісі қызметінен бастады. Ол кезде құрылыс-конструкторлық бөлім штатында инженерлік бос орын болмаған.
Бір жыл кадрлық резервте болып, кейін инженер қызметіне тағайындалды. Осылайша ғимараттарды қадағалау жөніндегі маманнан басшылық қызметке дейінгі кәсіби жолдан өтті.

– Жұмысымыздың едәуір бөлігі көпшілікке байқала бермейді, өйткені оның басым бөлігі өндірістік аумақта атқарылады. Душ бөлмелерін, санитарлық тораптарды, дәліздерді жөндеу – күнделікті назар аударуды қажет ететін жұмыстар. Мұның бәрін үнемі бақылап, уақытылы жөндеп отыру керек. Бұл – көзге көріне бермейтін, бірақ кәсіпорын үшін аса қажет ағымдағы жұмыс, – дейді Иван Беличков.

Дегенмен мамандардың жүрегінде қалатыны – адамдар бірден байқайтын, қаланың келбетін өзгертетін жобалар.
Өйткені бір нысанның жаңаруы – жай ғана құрылыс емес. Оның артында инженердің есебі, конструктордың шешімі, сметашының еңбегі, құрылыс барысын бақылаған мамандардың жауапкершілігі және ең бастысы, «миды жұмыс істеуге» мәжбүр ететін талай күрделі міндет тұр.

Жұрт сүйсінген нысандар

Құрылыс-конструкторлық бөлім мамандарының еңбегін бағалаудың ең жақсы жолы – өздері жобалап, жүзеге асырған нысандардың ел игілігіне қызмет етіп тұрғанын көру. Әсіресе қала тұрғындарының күнделікті өміріне еніп, көпшіліктің көңілінен шыққан нысандар мамандар үшін ерекше мақтаныш.
Солардың бірі – Жітіқараның көркін келтірген субұрқақ. Наталья Татаркинаның айтуынша, оның құрылысы оңай болған жоқ. Жоба суретші Юрий Трушинский әзірлеген эскиз бен макеттен басталды. Кейін жұмыс нақты іске көшкен кезде инженерлер мен құрылысшылар жобаға бірқатар өзгерістер енгізіп, оны алаңдағы нақты жағдайға бейімдеді.
Бүгінде бөлім мамандары үшін ең үлкен марапат – өз еңбегінің нәтижесін көзбен көру. Субұрқақтың жұмыс істеп, қала тұрғындары мен қонақтарын қуантқаны – бірнеше маманның қажырлы еңбегінің нақты нәтижесі.
Өндірістік нысандардың ішінде Владимир Завгородний террасалық тақтай өндірілетін цехты ерекше атап өтеді. Бұл жерде инженерлердің негізгі міндеті жабдықтарды орнатумен қатар, күрделі сараптамадан сәтті өтуді қамтамасыз ету болды.
Бөлім үшін ауқымды жобалардың бірі – профилакторийді толық жаңғырту жұмыстары. Кәсіпорынның 60 жылдығымен тұспа-тұс келген нысан жұмыстарының көлемі айрықша болды. Мұнда ғимарат ішіндегі күрделі жөндеуден бастап, оған іргелес аумақты абаттандыруға дейінгі ауқымды жұмыстар атқарылды.
Нәтижесінде профилакторий адам танымастай өзгеріп, қаланың ең көрікті нысандарының біріне айналды.
Маңызды нысандар қатарында қалалық мешіт те бар. Мұнда мамандар ғимараттың қасбетін жаңартуға ерекше көңіл бөлді. Негізгі мақсат – нысанның сәулеттік ерекшелігін сақтай отырып, оған жаңаша сипат беру.
Ал биылғы жылдың ең айтулы жобаларының бірі – «Qazyna» мейрамханасы. Нысан бойынша жаңа бөлмелерді жобалау, іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Инженерлер әр кезеңді жіті бақылауда ұстады. Қосымша құрылыстардың өлшемдерін алудан бастап, жиһаз бен жарықтандыру элементтерін таңдауға дейінгі жұмыстардың бәріне назар аударылды.
Кей жағдайда жұмыс уақытымен де шектелуге тура келді. Мамандар нысанға кешкі уақытта және демалыс күндері барып, құрылыс алаңында материалдардың түйісуі, жобаның нақты орындалуы секілді мәселелерді сол жерде шешіп отырды.

Даяна Бупежанова бір жағдайды еске алады.

– Мангалды аймақ пен қойманы қолға алған кезде материалдарға қатысты мәселе туындады. Ақ панельдер сұр панельдерге қарағанда көбірек жеткізілді. Қасбетті біртұтас көріністе сақтау үшін бір кештің ішінде компьютерде жаңа орналастыру сызбасын жасадым. Қаптаманы көзге тұтас әрі әдемі көрінетіндей етіп жасау керек болды, – дейді ол.

Иван Беличковтың айтуынша, құрылыс барысында бәрі бірден мінсіз орындала бермейді.

– Жұмыс үнемі тегіс әрі мінсіз жүре бермейді. Жоба барысында бір нәрсе өзгеріп, жаңа мәселелер пайда болып отырады. Біз сол өзгерістердің барлығын ескеріп, шешімін табуымыз керек, – дейді ол.

Сондықтан мамандар үшін үлкен жобада ұсақ деталь деген ұғым жоқ. Әрбір бөлшек жалпы көрініске әсер етеді.

– Людмиланың мейрамхана алдындағы брусчатканың қалай төселетінін сызғаны есімде. Сырт көзге қарасаң, жай ғана плитканы төсеу сияқты. Бірақ олай емес. Оны белгілі бір тәртіппен – диагональ бойынша немесе тігінен орналастыру қажет, – дейді Наталья Татаркина.

Даяна Бупежанова да жобалардағы ұсақ көрінгенімен, маңызды жұмыстардың көп екенін айтады.

– Бұл плитканы таңдаудың өзіне 15 түрлі нұсқаны қарастырдық. Қай түстің сәйкес келетінін талқыладық. Басқарманың селекторлық залында да осындай жұмыстар болды. Барлық терезені қолмен өлшеуге тура келді. Бір терезе 30 сантиметр болса, екіншісі 31,5 сантиметр болуы мүмкін. Жалюзи тапсырыс бергенде осының бәрін ескеру керек. Жалпы, әр жобаның нәтижесі осындай кішкентай, бірақ маңызды бөлшектерден құралады, – дейді ол.

Бөлім мамандарының кәсіби шеберлігі мен еңбекқорлығы Жітіқараның келбетіне нақты өзгеріс әкеліп келеді. Әр жобадағы ұсақ-түйекке дейінгі дәлдік пен шығармашылық ізденіс қаланың жайлылығы мен көркіне әсер етеді.
Ал мамандар алдында жаңа міндеттер мен күрделі жобалар тұрған кезде, Жітіқараның жаңғыруы да жалғаса бермек.

Поделиться записью

Оставьте комментарий