Карина ӘЛЖАН
Уақыт бір орнында тұрмайды және біз өміріміздің көп бөлігін интернетте өткіземіз. Оның көмегімен жұмыстарды орындап, бейнебайланыс мүмкіндіктерін пайдаланамыз және ақпаратты-хаттарды, файлдарды, фотосуреттерді жылдам тасымалдаймыз. Ал, енді біз цифрлық технологияларсыз өмірімізді елестете аламызба? Қаламызда жетекші провайдерлердің бірі – Жітіқарада талшықты-оптикалық байланысты енгізген «Жітіқара Телеком» ЖШС. Ал, бүгін оның мүмкіндіктері мен болашағы туралы директор Тенгиз Әлімбаев айтып берді.
– 2017 жылы «Жітіқара Телеком» ЖШС-нің талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы қаламыз үшін үлкен серпіліс болды. Мұндай табыстың сыры неде?
– Бірнеше факторлар бар. Соның бірі – бүкіл әлемде және Қазақстанның ірі қалаларында технология алға жылжып, инфрақұрылымдық талаптар күшейді, бұл цифрлық контенттің ауырлауы және қосылу жылдамдығына қойылар талаптың жоғарылауымен байланысты, әрі осыған орай қойылған тапсырмаларды тек оптикалық талшық арқылы ғана жүзеге асыру мүмкіндігі туды. Жітіқарада ол кезде жоғары жылдамдықты интернетке сұраныс күшейген болатын, бұл басты факторға айналды. Сондай-ақ, көшедегі бейнебақылау камералары мен дүрбелең түймесі сияқты заманауи қауіпсіздік жүйелерінің инфрақұрылымын құру қажеттілігі туындады, айтпақшы, біз облыста бірінші болып іске қостық.
– Білуімізше, сіз бастапқыда алдыңызға мынадай мақсат қойдыңыз – қауіпсіз аула, қауіпсіз қала, смарт-қала бағдарламалары үшін көлік ортасын қалыптастыру. Толығырақ айтып өтсеңіз, осы бағытта қандай жетістіктерге жеттіңіз?
– Иә, бұл шынында да солай, жетістіктерге келсек, Жітіқара қаласында 135 көше бақылау камерасы орнатылып, сондай-ақ аудандық ішкі істер бөлімінде шағын ХҚКО ұйымдастырылғанын да айта кеткен жөн. Мини-маркет аумағында SOS бастырмасының орнатылуын және осы жабдықтың барлығы 24/7 нақты уақыт режимінде түсіріп, шағын станцияға хабар таратуын жетістік деп санаймын. Сонымен қатар, біздің желі арқылы жұмыс жасап отырған iKomek жағдай орталығына ақпараттар түседі. Біз үнемі дамып келеміз. Мәселен, абоненттердің сұранысы бойынша абоненттік төлемдерді онлайн қабылдау әдістерін енгіздік, бұл оны үйден шықпай-ақ жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Бүгінде бұл Жітіқаралықтар үшін төлемнің негізгі әдісі болып табылады. Сондай-ақ, өткен жылы біз қалаға резерв енгізу арқылы жүйенің ақауларға төзімділігін арттырдық, бұл үзілістерді азайтатын миллиондаған долларлық жоба. Біз қызметкерлерді оқытуға көңіл бөлеміз, сарапшыларды шақырамыз, әріптестердің тәжірибесін және ірі қалалардың технологияларын зерттейміз...
– Бұл өте жақсы нәтиже. Қазіргі уақытта жоғары жылдамдықты интернетке қанша абонент қосылған және бүгінгі күні сіз ұсына алатын максималды интернет жылдамдығы қандай?
– Мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалардан бөлек, біз 4,7 мыңға жуық абонентке жеттік, бұл біздің мүмкіндігіміздің жартысына жуығы. Жылдамдыққа келетін болсақ, стандарт ретінде біз секундына 100 мегабитке дейін ұсына аламыз, кейбір жағдайларда техникалық мүмкіндіктер болса, жылдамдық секундына 1 гигабитке дейін жетуі мүмкін.
– Басқа провайдерлермен салыстырғанда «Жітіқара Телеком» ЖШС қандай артықшылығы бар?
– Негізгі және ең маңызды артықшылығы – жылдамдық, біз Жітіқарада қолжетімді абоненттік төлеммен 100 Мбит/сек жылдамдықты ұсына алатын жалғыз қызмет көрсетушіміз. Оған қоса, біз 100% жергілікті компания болып табыламыз және әрқашан жазылушыларымыздың сындарлы пікірлерін тыңдаймыз, мүмкіндігінше жұмысымызға өзгерістер енгізіп, жақсартуға тырысамыз.
– Жітіқаралықтарға жоғары жылдамдықты интернеттен басқа тағы қандай қызметтер ұсына аласыз?
– Интернетке қоса, бізде архивтен бағдарламаларды көру қарастырылған сандық теледидар қызметі бар. Егер, мысалы, фильмді немесе бағдарламаны өткізіп алсаңыз, онда хабарды кері айналдыруға болады. Сонымен қатар, приставканың өзі тіпті ең көне теледидарды интерактивті етеді – ол арқылы сіз Интернетке қол жеткізе аласыз, мысалы, YouTube-ті пайдалана аласыз.
– Айтылғандардың бәріне сүйенетін болсақ, «Жітіқара Телеком» – белсенді дамып келе жатқан компания! Жаңа технологияларды енгізу немесе жаңа цифрлық жабдықты орнату жоспарда бар ма?
– Әрі қарай даму жолына келсек, бұл қаланың қажеттіліктеріне байланысты болмақ. Қауіпсіз аула бағытын дамыту болашақта қарастырылған, бірақ бұл жерде аула тұрғындарының бастамасы мен қалауы маңызды. Жақында біз жеке секторда жаңа GPON технологиясын енгізе бастадық және оның құнын екі есеге төмендете алдық. Бүгінде біз оны ауданда іске асыру мүмкіндігін зерттеуді жалғастырамыз, бұл интернет жылдамдығын бірнеше есе арттырады. Қолда бар 70 және 100 Мбит/сек тарифтері ең салмақты контентті көтере алады, интернеттің даму қарқынын ескерер болсақ, 2-3 жылдан кейін бұл кейбір тұтынушылар үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан біз қала аудандарына GPON технологиясын енгізу мүмкіндігін қарастырудамыз.
– Әрине бәрі оңай бола бермейді. Сіз және компания мамандары жұмысыңызда қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?
– COVID-19 пандемиясы кезіндегі шектеулер сынақ болды. Біз бірқатар жаңа қиындықтарға тап болдық, біріншіден, техникалық қолдау мәселелерін шешу үшін адамдардың пәтерлеріне кіре алмадық. Бұл мәселені шешу үшін біз қашықтан көмек көрсетудің бірнеше жолын таптық. Екіншіден, адамдар қашықтан жұмыс істеуге және оқуға көшкендіктен желідегі жүктеме күрт өсті. Жітіқарадан тыс серверлер мен желілер төтеп бере алмайтын жағдайлар болды. Содан кейін бізге әділетсіз сын айтылды, бірақ біз кейбір сайттар, порталдар мен платформалар Жітіқарада орналаспағандықтан, олардың проблемалары туралы ештеңе істей алмайтынымызды түсіндіруге тырыстық. Ендігі мәселе бұғаттау кезінде адамдар интернетке төлей алмайтын болды, бірақ біз төлем жасамағаны үшін ешкімді ажыратпадық. Қаржылық жағынан бұл шешім біз үшін өте қиын болды. Біздің еңбегіміздің бағасын абоненттер беріп жатты, өздерінің алғыстарын білдіре отырып. Оның үстіне, ол кезде техника мен материалдарды жеткізу үзіліп, күнде түрлі жағдайдан шығуға тура келді. Бірақ тату ұжым мен тамаша абоненттердің арқасында бәріміз қиындыққа төтеп бердік!
– Әңгімеңізге рахмет!