Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Еліміз егемендік алып, өз алдына ту тіккен күннен бастап жан-жақты дамыған әлеуетті ел болу үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Осы жұмыстарды әрі қарай қарқынды жүргізу үшін 2018 жылы Дүние жүзі қазақтары қауымдастығымен селбесе жұмыс істейтін «Отандастар» қоры коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылған. Бұл қоғамдық ұйымның басты – мақсаты елге келген қандастарды жергілікті жерлерге бейімдеу. Шетелдегі қазақтар мен атамекенге оралған қандастарға көмек көрсету үшін көш келіп жатқан алты облыстан «Отандастар» қорының фронт-кеңсесі ашылған болатын. Осы тақырып төңірегінде көптен қалам тартып жүрген әріптесіміз Нәзира Жәрімбетова – «Отандастар» қоры облыстық фронт-кеңсесінің сарапшысы. Бүгін осы тақырып аясында әңгіме құрған едік.
–Нәзира Қыпшақбайқызы, қандастар туралы көптен жазып келесіз. Осы тақырыпқа қалай келдіңіз?
– Қандастар атамекенге еліміз тәуелсіздік алмай тұрып, 1990 жылдан бастап келе бастады. Ол кезде қызыл империяның құрсауы әлсірей, Кеңес Одағының іргесі шайқала бастаған, бостандық лебі есіп қалған кез еді. Қазақтың басына ауыр күндер туған, дауылды замандарда шетке шығандап кеткен қазақтардың ұрпақтары көшті Моңғолиядан атамекенге түзеді. Ол екі мемлекет арасындағы Еңбек шарты аясында мүмкін болды. Мен ол кезде облыстық «Қостанай таңы» газетінің тілшісі едім. Алғашқы көшпен келгендер Қазақстанның тәуелсіздігін атақонысында қарсы алды. 90-шы жылдары Тәуелсіздіктің арқасында өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып дегендей, халқымыздың рухы аспандағаны жұрттың есінде болар. Міне, сондай кезеңде шет елдердерден қазақтар көші келіп жатыр деген тақырып журналистер үшін де, оқырман үшін де қызықты болды. Бір мен ғана емес, барша журналистердің назары ауды. 1991 жылы Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын алдымен Түркия мойындады, ондағы және әлемнің әр шалғайында тарыдай шашылып кеткен қандастарымыздың қуанышында шек болған жоқ. Олар да атамекенге асықты. 1992 жылдың қыркүйек айында Алматыда халықаралық аренаға шыққан тәуелсіз жас Қазақстан мемлекетінің бірінші халықаралық деңгейдегі шарасы өтті. Ол экономикалық немесе саяси емес, ұлттың мәселесін көтерген ауқымды Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы еді. Оған біздің облыстан делегация барды. Бірақ біз, бір топ жастар делегация құрамында емес, өзіміз алғашқы құрылтайды қызықтау үшін бардық. Алған әсеріміз керемет! Шеттен келген қазақтар біздің апарған құрақ көрпешелерді талап алды. Сол жолы Құрылтайды газетке жазып, мақала бастық. Сол Құрылтайда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды.Осыдан кейін көш үдеп, аз ғана жылдың ішінде миллионға жуық қазақ атамекенге оралды. Бүгінге дейін қазақтар шоғырланып тұратын әр елдерде өңірлік құрылтайлар өтіп келеді. Ал Қазақстанда дүние жүзі қазақтарының басын қосқан басты бес құрылтай өтті. Отыз жылдан астам уақыт ішінде көштің жолы тақтайдай тегіс болған жоқ, қиындықтар да болды, квотаны тоқтатқан жылдар болды. Өзіміздің облысқа келген көштер барысын, проблемалар туралы жазып келемін.
– Сіз осы тақырыпты жаза жүріп, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының Қостанай облыстық филиалын құрдыңыз. Оған не түрткі болды?
-2010 жылы Челябі облысындағы «Азамат» қазақ ұлттық-мәдени орталығының белсенділері өңірлік құрылтай ұйымдастырды. Біз де бардық. Осы құрылтайда дүниежүзі қазақтары қауымдастығындағы Ресей қазақтарының кураторы Күлғазира Балтабаевамен таныстық. Ол кісі тарих ғылымдарының кандидаты, сыртта жүрген қазақтардың тарихын зерттеген. Екеуіміз жақсы араласып кеттік. Осының бәрі маған түрткі болды. Филиалды құру бастамасын ДҚҚ атқарушы төрағасы Т.Мамашев қолдады. Ресейдің шекаралас әлгі үш облысындағы қазақ ұлттық мәдени орталықтарының белсенділерін шақырып, Күлғазираның қатысуымен оның тұсаукесерін өткіздік. Қостанай облысымен шектесетін Челябі, Қорған, Орынбор қазақтарымен байланыс орната бастадық. Бірақ бізге ДҚҚ тарапынан ешқандай қаражат бөлінбеді, тек әдістемелік материалдар, жұмысқа бағыт-бағдар беріп отырды. Солай болуға тиіс еді. Себебі, бұл мемлекеттік емес, қоғамдық ұйым еді.
– Кейін «Отандастар» қоры құрылды емес пе? Қор қандастарды отанға тарту және оларды қолдау бағытында қандай жұмыстар атқарды?
– 2017 жылы ЭКСПО шеңберінде бесінші құрылтай өтті. Осы құрылтайға делегат ретінде қатыстым. Онда сол кездегі мемлекет басшысы Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын қаржылай демеп отыратын «Отандастар» қорын құруды тапсырды. Мен 2020 жылдан бастап «Отандастар» қорымен жұмыс істеп келемін. Қордың басты мақсаты – шетелдегі этникалық қазақтармен байланыс орнатып, елге қоныс аударған қандастарға жан-жақты ақпараттық-құқықтық қолдау көрсету.
Қазақстан тәуелсіздігін алған уақыттан бастап-ақ, шетелдегі этникалық қазақтармен байланыс орнату, олардың атамекенге оралуына жағдай жасау, орналастыру, әлеуметтік кедергі болмауына көңіл бөлу мемлекеттің әрдайым басты назарында келеді. Кешегі өткен Құрылтайда Президент Қ.Тоқаев тағы да осы туралы айтты. Осыдан біраз жыл бұрын көштің басын бес облысқа бұрған еді, қазір ол Шығыс Қазақстан, Павлодар, Абай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай сияқты алты облысқа келеді. Осы облыстарда «Отандастар» қорының фронт-кеңселері құрылды. Біз солардың сарапшысы ретінде жұмыс атқара бастадық. Біздің негізгі міндетіміз – сыртқы қазақтармен байланыс орнатып, келіп жатқан қандастарға ақпараттық-құқықтық көмек беру. Оларға Қазақстан азаматтығын алу, тұрақты тіркеу, оларды қалай алу керек, қайда бару керектігін түсіндіріп, бағыттау. Мұның барлығын біз жергілікті атқару органдарының қатысуымен, қолдауымен бірлесіп жүргіземіз.
– Қазір облысқа көштің келуі қалай?
– 90-шы жылдардағы көштің бір бағыты Қостанай болғанын желпініп айтуыма болады. Моңғолиядан алғашқы көшпен келген ағайындар бүгінде Қостанай өңірін құтты мекен етіп отыр, үшінші ұрпақ өсіп жатыр. Сол кезеңнен бастап Қостанайды бағытқа алған көш тоқтаған жоқ. Өткен 2022 жылғы қолыма түскен мәлімет бойынша облыс өңіріне 1991 жфылдың наурызы мен 2022 жылдың наурызы аралығында 7841 отбасы, яғни 34547 адам келген. Одан бері бір жылдан аса уақытта 818 қандас қатарға қосылды. Бірақ осылардың барлығы да бүгін Қостанай облысында қалды деген ойды ұстай алмаймыз. Себебі отыз жылда бізде ішкі көш қозғалысы да жоғары болды. Қандастардың көпшілігі республиканың басқа өңірлеріне қоныс аударды. Бұрын, 90-шы жылдары облыс аудандарының барлығына қандастар орналастырылған еді. Қазір көш негізінен Қостанай, Рудный қалаларына, Қостанай, Майлин атындағы, Қамысты аудандарына барады. Көш негізінен Өзбекстан мен соңғы уақытта Ресейден, аздап Түркіменстаннан, Әзірбайжаннан, Тәжікстаннан, Ауғанстаннан келеді.
– Қандастарға мемлекет тарапынан қандай көмек беріледі?
–Ең басты жеңілдік – қандастар бір жыл тәулігінде ҚР азаматтығын ала алады. Субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды – отағасына және отбасының әрбір мүшесіне бір реттік 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде қаржылай көмек беріледі. Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50 проценті немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейінгі мөлшерде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде қаржы беріледі. Мұның барлығы қандастардың қатарымызға қосылуын қолдаудың жақсы үлгісі деп білемін. Ал ҚР азаматтығын алғаннан кейін олар барша қазақстандықтар сияқты ҚР заңдары әлеуметтік санаттар үшін белгілеген жеңілдіктерді ғана пайдалана алады.
– Қандастардың орналасуында жергілікті жерде ең басты кедергі не деп айтар едіңіз?
– Қандастардың жергілікті жерлерге бейімделуінде кедергілер жоқ деп айта алмаймын. Бірақ егемендіктің алғашқы жылдарына қарағанда бүгінде қандастар көші және қандастардың жергілікті жерлерге бейімделуіне бағытталған жұмыстар көп жетілдірілді, кедергілер де азайды. 90-шы жылдары келген қандастардың ҚР азаматтығын алуы біраз жылға созылып кететін. Қазір ондай емес, бар-жоғы жыл тәулігі ішінде ала алады. Бұл өте жақсы жеңілдік. Өйткені азаматығы жоқ қандас жұмысқа тұра алмайды, жеке ісін аша алмайды. Солар қазір азайды.
Олар келісімен қандас мәртебесін алады. Кейбір елдерде қандастар қазақ екенін дәлелдей алмай, соның салдарынан көшке ілесе алмайды немесе келген соң қандас мәртебесін ала алмайды. Бірақ бұл біз немесе жергілікті атқару органдары шешетін мәселе емес. Ең бастысы, қандастардың құжаттары дұрыс болуы шарт. Еліміздің заңнамаларына сәйкес құжаттары рәсімделеді ғой, сондықтан оларда сәйкессіздік болса, ол дұрысталмайынша рәсімдей алмайды. Ол үшін келген еліне қайта барып келу де оңай емес, кейде мүмкін де емес. Бұл орайда, қандастар тарапынан да жауапкершілік, ұқыптылық болғаны орынды.
– Қандастарға байланысты облыста атқарылатын қандай жұмыстарды атар едіңіз?
–Мен өткен жылы «Аманат» партиясы облыстық филиалы жанындағы өзім мүшесі болып қатысатын «Мирас» қоғамдық кеңесіне қандастар мәселесін қарауды ұсынғанмын. Біз мәселені қарай келіп, жыл сайын облыс деңгейінде «Ерулік» форумын өткізуді тұжырымдадық. Сонымен қатар, қазір қандастар арасынан өз ісін ашып, дөңгелентіп отырғандар бар, алдағы уақытта қатары көбейеді деп білемін. Қандастар арасында өмірдің қай саласында да небір таланттар, іскер азаматтар келіп жатыр. Қостанай ауданындағы сүт өндіріп отырған Азат Миштари бастаған ағайындар, Рудный қаласында ұлттық киім тігетін ательесі бар қыздар, сабын шығаруға талаптанып жатқан отбасы ісі жақсы үлгі. Сосын көш легі негізінен жастар, әр отбасында кемінде 3 бала бар.
Жалпы, қандастарға атажұртта кедергі болмауы керек. Себебі қандастар қазақ жерінің бір құты деп қараған абзал. Олармен бірге қаншама құндылықтар келіп жатыр. Ең бастысы қатарымыз көбейеді, қатарымыз көбейсе қазақтың тілі құнарланады. Оған бір ғана мысал. Рудный қаласы осыдан отыз жыл бұрын қалай еді? Қазақ тілінде бір ауыз сөз естілмейтін. Ал бүгінде қазақ тілінде білім беретін үш мектепке оқушы сыймай, төртінші мектеп салу сөз болып жатыр. Негізгі байлық осы емес пе! Шүкірлік деуіміз керек. Қандас деген – атажұртқа қайт-қан құт! Жұмыстың бәрі осы ойға бағытталуы тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет, еңбегіңіз жемісті болсын.