Заман талабына сай

~2 мин чтенияПросмотров: 6

А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің Smart-орталығында Qostanai AI Industry Hackathon 2026 индустриялық хакатонының финалдық кезеңі өтті. Байқаудың жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құрады. Оның 1 миллион теңгесін «Қостанай минералдары» АҚ бөлді. Компания биыл алғаш рет IT-байқауға қатысып қана қоймай, өндірістегі нақты мәселені шешуге бағытталған жеке кейсін ұсынды.

 

Кәсіпорын ұсынған тапсырма жөндеу бригадаларына арналған жоспар-нарядтарды автоматты түрде рәсімдеу және олардың орындалуын бақылау жүйесін әзірлеуге арналды.
Хакатон қатысушыларының жұмыстарын бағалаған сарапшылар алқасының құрамында «Қостанай минералдары» АҚ персоналды басқару және әлеуметтік мәселелер жөніндегі директоры Саят Шаймурунов, еңбек және еңбекақы төлеу бөлімінің бастығы Наталья Бордюг, сондай-ақ деректерді басқару бөлімінің менеджері Богдан Щербаков болды.
Кәсіпорынның кейсі бойынша үздік нәтиже көрсеткен FenixTech командасы жеңімпаз атанды. Оның құрамында (Роман Говако, София Новикова, Амир Нурпеисов және Артём Бойко бар). Жас әзірлеушілер «НарядAI» атты цифрлық жүйені таныстырды. Ол кроссплатформалық мобильді қосымша мен веб-басқару панелінен тұрады.
Жүйенің басты ерекшелігі – жоспар-нарядты бір минут ішінде рәсімдеу мүмкіндігі. Сонымен қатар жасанды интеллект цехта қолданылатын кәсіби сөздерді дауыстық енгізу кезінде тани алады. Бағдарлама жұмыс көлемі мен орындаушының біліктілігін ескере отырып, бос маманды автоматты түрде таңдайды. Офлайн режимде де жұмыс істейтін жүйе нысанның жұмысқа дейінгі және одан кейінгі жағдайын фотоға түсіруге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, нейрондық желі арқылы орындалған жұмыстың сапасын бақылау және материалдар шығынын талдау функциялары қарастырылған. Жүйенің тағы бір артықшылығы – барлық модельдің кәсіпорынның жергілікті серверінде жұмыс істеуі. Бұл оның автономды қызмет етуіне мүмкіндік береді.
Хакатон қорытындысы бойынша FenixTech командасына ақшалай сыйлық табысталды. Жеңімпаздарды марапаттаған Саят Шаймурунов жас әзірлеушілердің еңбегін атап өтті.
Байқау студенттер үшін тек жүлделі орынмен шектелмей, нақты өндірістік міндетті шешу тәжірибесіне жол ашты. Сонымен қатар команда мүшелеріне кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өту және әзірлеген жүйесін өндіріске енгізу мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Поделиться записью

Оставьте комментарий